«Мемлекеттен қаржы бөлінбейді»: Жалағашта білім бөлімі балабақшаны жаппақ болды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданының білім бөлімі «салынып жатқан балабақшаға қаржы беріледі» деген желеумен жұмыс істеп тұрған балабақшаға қолдау көрсете алмайтынын жеткізген. Мұнымен қоса мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымынан бала қабылдауды тоқтатуды сұраған.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында Жалағаш ауданы Аққыр ауылында ашылған «Алтын ұя» балабақшасы құрылтайшысының өтініші қаралды.
Кеңес отырысына қатысқан «Алтын ұя» балабақшасының заңды өкілі Айдана Әміреева жыл басында балабақша ашуға ниетті екенін айтып, Жалағаш аудандық білім бөліміне барғанын жеткізді. Тамызда Аққыр ауылынан ашылған 50 орындық балабақшада бүгінде 30 бала тәрбиеленіп жатыр.
«Аудандық білім бөлімінен қаржылай қолдау сұрап, субсидия беруге өтініш бердік. Алайда біз ешқандай мемлекеттік қолдау алып отырған жоқпыз», – дейді Айдана Әміреева.
Жалағаш аудандық білім бөлімі Аққыр ауылында өзге кәсіпкердің 90 орындық балабақша салып жатқанын, «Алтын ұя» балабақшасына мемлекеттік тапсырыс орналастырылмайтынын атап, ресми хат берген. Аталған хатта жеке балабақшадан бала қабылдауды тоқтатуды да сұраған.
Хаттың көшірмесімен танысқан кеңес мүшесі, «КАНО» заңды тұлғалар бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиал төрайымы Наталья Мишукова хаттың сауатсыз жазылғандығын атап өтті.
«Кәсіпкерлік кодексінде» кәсіппен айналысуға әр азаматтың құқылы екені айтылған. Жеке балабақшадан нені басшылыққа алып бала қабылдауды тоқтатуды сұрап отырсыздар? Менің ойымша хат сауатсыз жазылған. Екіншіден, қаржы неге әлі салынып жатқан балабақшаға арналған? Не үшін ашылып, жұмыс істеп тұрған балабақшаға берілмей отыр?» – деп Наталья Мишукова Жалағаш ауданы білім бөлімінің басшысына сұрақ қойды.
Білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов хатқа қатысты орындаушысына тәртіптік шараға тартылғанын, ал екінші сұрақ бойынша қаржы болмағандықтан биыл конкурс өткізілмегенін жеткізді.
Кеңес отырысында уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкердің балабақшаны ашқаны жөнінде тиісті мемлекеттік ұйымды уақытылы хабардар етпегенін бірнеше рет алға тартқан болатын. Бұл мәселеге қатысты кеңес төрағасы Болат Нұрхожаев кәсіпкерге бағыт-бағдар беру тек кәсіпкерлік бөлімінің ғана емес, салалық мемлекеттік органдардың да міндеті екендігіне тоқталып, кәсіпкерге қолдау көрсетуге шақырды.
«Кәсіпкер бүгінгі жиналыстан кейін қудалауға ұшырамайды деп үміттенеміз. Ондай жағдай орын алса қорғауға дайынбыз», – деді кеңес төрағасы.
Кәсіпкердің негізгі мәселесі – қаржыландыру туралы өтініші әзірге шешілмеуіне байланысты Кәсіпкерлер палатасы бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жасайтын болды. Нәтижесі қосымша хабарланады.