Қызылордада жас кәсіпкер 5 млн теңге көлемінде шығынға ұшырай жаздады
Kyzylorda-news.kz. Мырзахан Сапарбек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалынан осы жылдың ақпанында мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген 4 млн теңге несие алады. Қор бүгінде 22 жастағы кәсіпкерден қаржыны айыппұлымен бірге 5 млн 66 мың теңге көлемінде қайтаруын сұрап отыр.
Қызылордалық Мырзахан Сапарбек жеке кәсіппен айналысу үшін жыл басында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы 4 млн теңге несие алады. Бұл қаржыға 10 бас жылқы алып, кәсібін жүргізеді. Жас кәсіпкерге мемлекеттік бағдарлама аясында каникул кезеңін бергені, яғни ай сайынғы несие бойынша төлемді 6 айдан кейін жасауға болатыны ерекше ұнайды.
Алайда тамызда жеке сот орындаушысынан шұғыл түрде қорға 5 млн 66 мың теңге, қосымша атқару парағы үшін 14 мың теңге шамасында өндіру туралы шешім келгенде кәсіпкер абдырап қалады.
«Сот орындаушысының шешімін алғанда бастапқыда қорқып қалдым. Себебі кәсібімді енді бастадым. Оның үстіне қолымда осыншалықты мол қаржы да жоқ. Несиеге алған қаржыға 10 бас жылқы алып қойғанмын. Кәсіпкерлер палатасы көмектесе алады дегенді естіп, осы ұйымнан құқығымды қорғауын сұрадым», – дейді жас кәсіпкер.
Мырзахан Сапарбектің айтуынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы несие қаражатының жұмсалу мақсатына күмәнданып, ақшаны қайтар деп талап еткен.
«Қордың мамандары мен үйде болмаған уақытта келіп, мониторинг жасапты. Несиеге мал алынбаған деп ақшаны қайтаруымды талап етті», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерден қаржыны қайтару туралы шешім қордың өтініші бойынша нотариустың талабы арқылы шығады. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері кәсіпкердің мәселесін зерделеу барысында шешімнің талапқа сай келмейтінін анықтап, кәсіпкерге қарсылық білдіріп хат жолдауды ұсынады. Кәсіпкерлер палатасының мамандары хаттың мәтінін әзірлеп те береді.
«Нотариат туралы» заң бойынша нотариустар борышкер міндеттеменің орындалмауын мойындаған жағдайда атқарушылық жазба негізінде берешекті өндіріп алады. Оның ішінде борышкер дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен өндіріп алушыға жіберілген наразылыққа жауапта мойындау керек. Негізі атқарушылық жазба даусыз талаптар бойынша жүргізіледі. Ал біздің кәсіпкеріміздің жағдайында, Мырзахан Сапарбек атқарушылық жазбаның шыққанын білмеген. Іс жеке сот орындаушысына өтіп кетіп, есепшоттары жабылғанда ғана бір-ақ білген. Осы жағдайлардың бәрін негізге алып, кәсіпкердің тиісті құжаттарын әзірлеп бердік», – дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қызылорда облысындағы бизнес-омбудсменнің өкілі Салават Құлмахан.
Кәсіпкердің қарсылық хатынан кейін нотариус атқарушылық хатының күшін жою жөнінде қаулы шығарды. Ал кәсіпкер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалына несиені мақсатты алғанын дәлелдеу үшін кәсібін көрсететін болып келісті.