Қызылордада жыл басынан бері 169 есірткі қылмысы тіркелді
Kyzylorda-news.kz. Биылғы жылдың он айында 169 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың – 10, есірткі сатудың – 22, есірткі өсірудің – 41 дерегі анықталды. Сондай-ақ, заңсыз айналымнан барлығы 143 келі есірткі заты тәркіленсе, оның 352 грамы синтетикалық есірткі құралы болып шықты.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Еркін Тұңғышбай БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.
«Жыл басынан бері есірткімен байланысты қылмыстық теріс қылықтардың 90 дерегі анықталды. Осыған орай есірткі қылмысын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген болатын. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде, облыс көлемінде есірткіні насихаттау және жарнамалардың 2 дерегі тіркеліп, олар дер кезінде жойылды. Әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткіні тарату деректерін анықтау мақсатында департаменттің қызметкерлері қала көлемінде рейдтік іс-шаралар жүргізді. Тиісінше, облыс орталығында синтетикалық есірткі жасырылған 75 нүкте табылды. Олар бойынша 3 қылмыстық теріс қылық анықталып, 72 дерек бойынша сараптама тағайындалды. Ауқымды іс-шаралардың барысында аталған қылмысты жасаған Қызылорда қаласының тұрғыны құрықталды. Республика көлемінде 1 маусым – 30 қазан аралығында өткізілген «Қарасора-2021» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде есірткі өсірудің 41 дерегі тіркелді. Атап айтқанда, 16 дерек далалық аймақтан, 25 дерегі үй ауласынан және саяжайдан табылды. Есірткі өсіргені үшін барлығы 52 азамат ұсталды. Оқиға орнынан барлығы 14 мың түптен асатын сора өсімдігі жойылды», – деді Еркін Қаржаубайұлы.
Айта кететін жәйт, тамыз айының бастап құмды далалық аймақтарға 21 рет әуеден шолу жұмыстары жүргізілген. Бірлескен іс-шараның барысында есірткі алқабының 8 дерегі анықталып, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 4 дерегі анықталды.