Балжан Шәменова: Сақтық шараларына салғырт қарауға әлі ерте
Kyzylorda-news.kz. Облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Бүгінде өңір «жасыл» аймақта. Дегенмен, сақтық шараларына салғырт қарауға әлі ерте. Өңірімізде індет тіркелгелі бері коронавирус инфекциясымен 19 019 науқас анықталды. Ал өткен тәулікте коронавирустың 15 жағдайы анықталды. Жалпы емделіп шыққандар саны 96 пайызды құрайды. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова облыс тұрғындарын коронавирус және Орви инфекцияларынан барынша сақтануға шақырды.
«Денсаулық сақтау саласының басты бағыты – тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету болып табылады. Бүгінгі күні қажетті медициналық құрал-жабдықтар, төсек-орындар дайындығы және дәрілік заттармен қамтамасыз ету жолында қарқынды жұмыстар атқарып келеміз. Медициналық құралдармен жабдықталу індет басталған тұста 66 пайызды құраса, биыл 76 пайызды қамтыды. Күшейтілген карантиндік режимді іске асыру барысында коронавирус инфекциясымен күресте қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аурудың таралуы бір деңгейде сақталуда. Аталған індетпен күресте облыстық медициналық ұйымдар толығымен дайын. Алдағы уақытта аталған жұмыстар жалғасын табатын болады. Бүгінде вакцинациялау науқаны бойынша Қызылорда облысы бесінші орында. Сондықтан да облыс тұрғындарын аурудан сақтанып, дер кезінде екпе алуға шақырамын», – деді облыс әкімінің орынбасары Балжан Мөрәліқызы.
Балалар арасында тұмау мен пневмония көбеюіне байланысты медицина саласының мамандары ата-аналар мен облыс тұрғындарын сақтануға шақырды. Қазіргі таңда қалалық көпбейінді ауруханада балалар саны көбейгенін атап өтті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың айтуынша, соңғы күндері ауа райының тұрақсыздығына байланысты ЖРВИ, тұмау ауруларының таралуы күрт көбеюде. Тыныс алу аурулары күрт өскен жағдайда ауруханада негізгі емдеу орындарына қосымша төсек орын саны көбейіп отырады. Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек орындар саны толық. Осыған байланысты, қалалық босану орталығынан 40 төсек орын өз жұмысын бастады. Ол жерде дәрі-дәрмекпен, кислородты концентратормен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда облыста ЖРВИ, тұмау, пневмония аурушаңдығы бойынша 3 327 бала толық емделіп шыққан.
«Биыл облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекциясының 19 851 жағдайы есепке алынып, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші – 2414,0 құрады. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда – 26,9 пайызға жоғарлағанын білдіреді. Зертханалық жолмен нақтыланған тұмау ауруының деңгейі 187 жағдайға дейін төмендеген. Жыл сайын тұмау емес вирустардың қоршаған орта айналымын бақылау мақсатында жедел респираторлы вирусты инфекциясының 46 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексерілді. Нәтижесінде 3 сынамада тұмау емес вирустар анықталды», – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Айта кету керек, 8-17 қараша аралығында өңірімізге Pfaizer вакцинасының 17 мың дозасы жеткізілмек. Барлығы 97 мың доза алынады деп жоспарлануда. Алдымен, екпе 17-18 жастағы жасөспірімдерге салынады. Бірақ, міндетті түрде ата-анасының келісімі алынады. Ал, жүктілігі 16-37 аптадан асқан жүкті әйелдер де вакцина салдыруына болады.