Қызылордада қоғамдық көлік қозғалысы реттеле ме?
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында 25 бағыт және қала маңына 8 бағыт бойынша 400-ге жуық автобус қызмет көрсетеді. Оның ішінде, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-і 5 бағытта және қалған 28 бағытта жеке кәсіпкерлер жолаушы тасымалымен айналысуда.
«Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-і директорының орынбасары Қанат Рахметов жол-көлік ережелерін сақтау бағытында аптасына екі мәрте қоғамдық көлік жүргізушілерінің қатысуымен жол ережелері тәртібі түсіндірілетін жиын өткізу қолға алынғандығын айтып өтті.
Сонымен қатар, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімімен қоғамдық көлік бағыттарының жол сызбасын тұрғындардың сұранысына сәйкес ұзартып, жаңадан бой көтерген мөлтек аудандар мен шалғай елді мекендер, саяжай, бау-бақша серіктестіктерін қоғамдық көлікпен қамту мақсатында Алматы қаласындағы Көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институтымен келісім-шарт жасалып, қорытынды жобалары тапсырылды.
Жобада Белкөл кенті, Бәйтерек, Саяхат мөлтек аудандары, қалаға қарасты ПМК-29, ПМК-66, Сабалақ, Ягодка, Пищевик саяжайлары да қамтылған.
Жол сызбаларына сәйкес, жолаушылар тасымалдауға қызмет көрсету құқығына арналған конкурс өткізуге қажетті құжаттар әзірленуде.
Қазіргі таңда «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-і «ALEMPAY» жүйесімен жұмыс жасауда. Серіктестік теңгеріміндегі 135 дана автобустың 90 пайызына электрондық төлем жүйесі орнатылған. Алдағы уақытта қала және оған қарасты елді мекен тұрғындарын тасымалдау қызметімен айналысатын жеңімпаз серіктестіктердің көліктеріне де электронды төлем жүйесін орнатылмақ. Ол үшін серіктестіктер «QazSmartTrans» ЖШС-мен келісім-шартқа отырды. Сонымен қатар, жоспарда орталықтандырылған диспетчерлік қызметін ашып, (ЦДС) бір жерден басқару жұмыстарын жүргізу қарастырылған.