Зейнетке шығатын шағында сотталып кеткен жазасын өтеуші өкінетінін айтты
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі аралас ЗК-169/5 мекемесінде 800-ден астам сотталған жазасын өтейді. Олардың жасаған қылмыстары, жаза өтеу мерзімдері де әр түрлі. Біреуі қарақшылық жасап сотталған болса, екіншісі есірткі бабымен, басқалары әр түрлі қылмыспен жазаларын өтеп жатыр.
Жазасын өтеп жүрген сотталғандар арасында құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіргені үшін 4 жылға сотталған 60 жастағы жазасын өтеуші де бар.
«Жас болдым, алып-ұшып тұрған шағымда есірткі затының дәмін татып көрдім. Есірткінің ерекшелігі сол – бір рет дәмін татқан адамды бірден өзіне баурап алады. Нәтижесінде, қалай тәуелді болып қалғанымды да білмей қалдым. Ес біліп есейген соң бұл әдет қалмады. Одан «Сора» өсімдігін өсіруді қолға алдым. Өзіме пайдалану үшін өсірдім. Кейіннен отбасы құрдым, қаншама рет есірткіге тәуеділіктен құтыламын дегенмен құтыла алмадым. Ұлым мен қызым бар, олардың да өз отбасылары бар. Қазір немересін еркелетіп отыратын ата болып, ақыл айтып отыратын шағымда балалық шақта дәмін тартып көрген заттан құтыла алмай осылай жазамды өтеп, темір есікке телміріп, бостандықты аңсап жүрмін. Балаларым, немерелерім де кеп тұрады. Төрт жылға сотты болдым, мекемеге келгеніме бір жылдан асты, әлі үш жылым бар. Сот үкімімен мәжбүрлі түрде нашақорлықтан емделу тағайындалған болатын. Түзеу мекемесінде толық ем алдым », – деп күрсінді ол.