Жазасын өтеуші: Қылмысқа балам үшін бардым
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/4 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде абайсызда қылмыс жасағандар жазасын өтейді.
Мекемеде жазасын өтеп жүрген Елдос бауыр еті баласының денсаулығы үшін қылмыс жасаған. Біреудің затын заңсыз иемденген.
Осыдан тура 1 жыл бұрынғы оқиғаны тізбектеп айтып берді. Қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын созып, қолдау көрсету қанымызға сіңген әдет. Досының басына қиын іс түсіп, қаражат жағынан қиналып жүргенін байқаған Елдос досына қаражат ұсынады. Сөйтіп досын бір қиындықтан алып шығады. Уақыт өте келе, Елдос та қаражат жағынан қиналап, досынан көмек сұрап, кезінде берген қаражатты қайтаруын сұрайды.
«Досым деп жүрген азамат, әр-түрлі сылтау айтып, қарызын беруді кешіктіре берді. Баламды емдетуі үшін қаражат қатты қажет екенін алға тарттым. Онының сылтауы бітпеген соң, ұялы телефонын алып кетіп, сатуға мәжбүр болдым. Жасаған ісіме заң алдында жауап беріп, жазамды алдым. Қазіргі таңда қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазамды өтеудемін. «Заңды білмеген опық жейді», деген бар. Досымнан қарызымды заң жүзінде талап еткенімде мүмкін түрмеге түспес пе едім, заңды білмеген жауапкершіліктен құтқармайды»,-дейді Елдос.
Елдос жазасын өтей жүріп, мекемеішілік іс-шараларға белсене қатысады. Сонымен қоса оны мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының қызметкерлері «Алтай-Транс-Ойл» ЖШС-на жұмысқа орналастырған. Ол қазір пескоблок қышын өндірудің хас шебері. Бұл өнімге сұраныс та жоғары, соның нәтижесінде Елдос тынымсыз еңбек ету арқылы мемлекет алдындағы берешегін толық көлемде өтеп, артылғанын отбасына жіберіп отыр.
«Темір торда отырсам да отбасымды ойымнан бір сәт шығарған емеспін. Мекеме психологының да қабылдауында болып, семинар-тренингтерге қатысып, толғандырып жүрген сан сұрақтарыма жауап аламын. Жазамды өтеп, отбасыма оралып, жақсы әке болып қызыма жақсы тәрбие беремін», – деді сотталған азамат.