МЕКТЕПКЕ АТТЕСТАЦИЯ ҚАЖЕТ ПЕ?
Қазіргі таңда білім беру ұйымдары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын қатаң сақтап, қызметін қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкес жүзеге асырады.
Мектеп басшылығы тарапынан оқу-тәрбие процесіндегі түрлі бағыттардағы жұмыстар тұрақты түрде зерделеніп, талданып отырады. Бұған қоса, мектептердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының орындалуы 5 жыл сайын бақылаудан өтіп, зерделенеді. Нәтижесі педагогикалық кеңесте талданып, бағаланып отырады.
Сондай-ақ, мектепішілік бақылау жоспарында тоқсан сайын оқу бағдарламасының орындалуы, оқушылар білімінің мониторингісі, бітіруші сыныптарды тестілеу қорытындысы, оқу пәндері бойынша инновациялық бағдарламалар, қорытынды аттестаттауға дайындық жұмыстары, пәндердің берілу сапасы жоспарланып, апта сайын директор жанындағы кеңес, ай сайын кіші педагогикалық кеңес, тоқсан сайын педагогикалық кеңесте тұрақты қаралуда. Білім беру үдерісіндегі практикалық, зертханалық жұмыстардың жүргізілуі де қамтылуы да назардан тыс қалған емес.
Аудандық әдістемелік кабинет жанынан құрылған шығармашылық топтар жыл жоспарларына сәйкес әдістемелік көмек көрсетумен қатар, пән бірлестіктері жұмыстарына зерделеу жүргізіп, үнемі әдістемелік көмек көрсетуде. Яғни, мектептің оқу-тәрбие процесінің Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы жан-жақтан қадағаланып, зерделеніп, бақылауға алынған.
Сондықтан, жалпы білім беру ұйымдарында қадағалау органдары тарапынан мемлекеттік аттестациялау жұмыстарын жүргізудің қазіргі таңда қажеттілігі жоқ деп санаймын.
Г.ЕРКЕБАЕВА
Т.Көмекбаев атындағы
№250 мектеп-лицей директоры.
Қармақшы ауданы.