Жалағашта республикалық жазба ақындардың жыр-мүшайрасы өтті
Kyzylorda-news.kz. Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Темірше Сарыбайұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Сөйле жүрек, сөз сенде, толға бүгін» атты республикалық жазба ақындар жыр мүшәйрасы өтті.
«Темірше ақынның өлеңін оқыған адам оның туған жерге туын тіккен азамат екенін шамалайды. Қамал бұзар қырық жасында өнер қуып, өлең қуып Алматыға аттанса, араға отыз жыл салып, елге оралды. Бұлдағы Темкеңнің елге деген сағынышы мен махаббатынан болса керек. «Сырдың жиегінде тұрып сұлулығына көз салудан артық қандай бақыт бар!», деді аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Ерданұлы.
Жыр мүшайраға республикамыздың әр өңірінен 12 ақын қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезекте жас ақындар өздерінің Темірше Сарыбайұлына арнаған арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өз өлеңдерін оқыды.
Филология ғылымдарының кандидаты, қазылар алқасының төрағасы Шанжархан Бекмағанбетов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі , ақын Ғазиза Әбілда және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Назгүл Бердіқожа бастаған қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.
Сайыс нәтижесінде шымкенттік Арайлым Мұраталиева ІІІ орын, нұрсұлтандық Мұхтар Күмісбек ІІ орын, қызылордалық Ақжол Түменбай І орынды иеленсе, Алматы қаласынан келген Нұртас Тұрғанбек бас жүлдені қанжығасына байлады.