Тальго тағы екі бағыт бойынша қатынайтын болды
Kyzylorda-news.kz. 12 желтоқсаннан бастап екі бағыт бойынша тальго пойызын іске қосылды, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол станциясынан «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол – Арқалық» жолаушылар пойызы алғашқы рейске шықты. Маршруттың қашықтығы – 609 км, пойыздың жалпы жүру уақыты 12 сағат 49 минутты құрайды. Пойыз екі құрамнан құралған және күн сайын қатынайтын болады. Олардың әрқайсысында 348 орындық «Турист» класты, 2 «Бизнес» класты, 1 «Гранд» класты, 1 «Гранд PMR» класты (мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін) вагондар, сондай-ақ вагон-бар және вагон-мейрамхана бар.
Тальго вагондарынан құрастырылған екінші пойыз «Алматы-2-Маңғыстау» бағыты бойынша іске қосылды. Пойыздың жалпы жүру уақыты 41 сағат 49 минутты құрайды. Ол екі құрамнан тұрады және жұп күндері жүреді. Олардың әрқайсысында 324 орындық «Турист» класты вагондар, сондай-ақ вагон-бар және вагон-мейрамхана қарастырылған.
Жол жүру барысында мультимедиялық ресурстарды ішкі сымсыз желі арқылы пайдалануға болады. Жолаушылар өздерінің жеке құрылғыларының (ұялы телефондар, гаджеттер, портативті компьютерлер) көмегімен серверде алдын-ала орналастырылған ойын-сауық бағдарламаларын, фильмдерді, ойындарды көре алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021-2022 жылдарға арналған жолаушылар пойыздарының жаңа кестесі бойынша Қазақстан ішінде 118 жұп пойыз жүре бастады. Оның ішінде 95 жұп пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға (оның ішінде қала маңындағы тасымалдарды қоса алғанда – 61), сондай-ақ 23 жұп пойыз жеке тасымалдаушыларға тиесілі.