Қызылордада түңгі уақытта заңсыз жүрген 223 жасөспірім анықталды

Kyzylorda-news.kz. Облыс көлемінде кәмелетке толмағандар мен жастар арасында қылмыстылық пен құқық бұзушылықты алдын алу, болдырмау бағытында мемлекеттік мүдделі органдармен білім, прокуратура, ішкі саясат, «Жас отан» жастар қанатымен бірлесіп, 24-27 желтоқсан аралығында облыс көлемінде «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара қорытындысымен полиция органдарына барлығы 292 кәмелетке толмаған жеткізілсе, оның ішінде 264 кәмелетке толмағанға әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағандары үшін, 8-і қылмыстық іс-әрекет жасағаны үшін, ал қалған 19 қадағалаусыз және панасыз қалғаны үшін әкелінді.
Жүргізілген рейдтердің нәтижесінде, ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабы бойынша, ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін барлығы 16 ата-анаға хаттама толтырылса, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмағандар түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуы және сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде болуы) бойынша барлығы 223 кәмелетке толмағандар анықталып, олардың заңды өкілдеріне хаттама рәсімделіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 22 кәмелетке толмағана және 435-бабы (кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша 8 заңды өкілдеріне хаттамалар рәсімдеп, тиісті шаралар көрілді.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 17 кәсіпкер, жасөспірімдерге темекі және алкоголь өнімін сатқаны үшін 8 сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылық пен құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар өз жалғасын табуда.
