Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШИПАСЫ МОЛ ШҰБАТ

ШИПАСЫ МОЛ ШҰБАТ



  Кеңес үкіметі тұсында елімізде 1 миллион 200 мыңдай түйе болса, егемендік алған кешегі 90-жылдардың басында соның 50-60 мыңдайы ғана қалған екен. Бүгінгі нарықта түйе сүтінің 1 литрі 500-700 теңге шамасында болса, көршілес Қытайда шипалы сусынның бір литрі – 8000 теңге, ал Еуропада 15 000 теңгеге барады-мыс. Қазақстанда 100 түрлі шөп өсетін болса, соның барлығын толықтай жейтін түйе ғана екен.
  Әлемде түйе шаруашылығымен айналысатын елуге жуық мемлекет бар екен. Ал Еуропа нарығын түйе сүтімен арабтар қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен, африкалықтар түйе сүтін сүт қылып қана ішеді, ары қарай өңдеу жолдарын білмейді. Сондықтан, дүниежүзі шұбат десе, Қазақстан мен Монғолияны ғана мойындайды.
  Түйе ұстап отырғандар аудан орталығында да аз емес. Солардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Валя апай.
  Қолында қызғалдақ гүлі бар қызыл күртелі сүйкімді бүлдіршін қыз анасының «Жер тайғақ, асықпай, байқап жүрейік» дегеніне қарамай, «Валя апаны ең бірінші болып құттықтағым келеді. Тезірек барайықшы» деп, жүгіре басып барады. Жасыл қақпалы еңселі үйдің жанына жақындағанда қарына көк шелегін ілген, қызылшырайлы өңді Валя апайы да түйе сауымына шығып келеді екен.
– Түйе сүтінің пайдасы мен шипасы өте мол ғой. Нәрлі сусын. Қызымның қаны да, салмағы да аз еді. Содан болар, тез шаршағыш әрі мазасыз болатын. Таза шұбат ішу керек деген соң, көпшіліктің айтуымен Валя апаны тауып алдым. Жағдайымызды білгеннен кейін, «Өзім де анамын ғой. Балалардың ауырмай-сырқамай өскеніне ештеңе де жетпейді. Айналайын, қалаған кезіңде келе бер. Арнайы алып қоямын» деп ағарғанын ақы-пұлсыз ұсынып келеді. Қызым салмақ та қосты, жүйкесі де тынышталып, мазасыздығынан арылды. Ризашылығым шексіз. Себебі, базардан күнде шұбат сатып алуға шамам да келмейді ғой, - дейді өзін Нағима деп таныстырған қара торы өңді жас келіншек.
  Ал, қаланың орталығында бірнеше түйе мен сиыр ұстап, қытымыр қыс пен аптабы мол жазда да малдың бабын тауып, үйінен ағарғанын үзбейтін Валентина Дәулетбаева – нағыз еңбекқор жан.
Ол Бөгенде балықшы отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Әбсеттің ауыл халқы тарықпасын деп икемге келмей қарысқан қолының қақсағанына қарамай мұз үстінде еткен жанкешті еңбегі мен анасы Набаттың үй мен түздің шаруасын қоса атқарғанын көріп өсті. Жиырмаға жаңа толған шағында өсіп-өнген әулетке келін болып түсті. Көпшіл, қонақжай шаңырақта үйдің де шаруасын үйіріп, малды да сауып, сүтін рәсуә етпей, қаймағы мен сары майын, құрт-ірімшігін молынан жасап, дастарқанын жайнатып қоятын. Ішкі істер саласында жауапты қызмет атқарған жары Бұйрабай қай мезгілде қонағы келгенде де асы мен ағарғаны дайын тұратын келіншегінің іскерлігіне тәнті болатын. «Берекелі жерге бақ қонады» дегендей, қай кезде де төрт түліктен қол үзбеді. Ағарғаны өз алдына, сатса – пұл, сойса – еттен де тарықпады. Бірінен соң бірі дүниеге келген ұл-қыздары да тілалғыш, жан-жақты болып өсіп, қолғабыс жасады.
Валентина Әбсетқызы бұдан бірнеше жыл бұрын жолдасы Бұйрабаймен ақылдаса отырып, «Даму» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие алып, мал басын көбейтті.
– Оңай ештеңе де жоқ. Малдың бағымы келісті, азығы мол болса ғана пайдасын көресің. Сол үшін күн демей, түн демей еңбектенумен келеміз. Қыстың қандай болғаны белгілі. Шүкір, жем-шөбі жеткілікті, қора жылы әрі жайлы. Қазіргі кезде түйенің сүтінен шұбат дайындаймын және сиырдың сүтінен қатық, құрт-ірімшік жасаймын. Әсіресе, шұбатқа сұраныс көп. Тіпті, Астанаға дейін дайындап жіберемін. Шұбат қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартады. Бір литр шұбаттың өзі ғана адам ағзасының дәрумендер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қамтамасыз ете алады. Созылмалы өкпе ауруы, бауыр мен сары ауру, холецистит, өт жолының қабынуын емдеуде таптырмас ем екендігін айтып, арнайы іздеп келіп, сүт пен шұбатымды ұзақ уақыт ішіп, дертіне дәру тапқан жандар көп-ақ. Мына кішкентай Әселден басқа бірнеше қариялар мен аға-апаларыма шұбат пен қатықты қалаған мезгілдерінде тегін алып тұруларына жағдай жасап отырмын. Денсаулықтан артық байлық жоқ қой, - деген Валя апа үлкен кеседегі көпіршіп тұрған шұбатты лезде сіміріп салған Әселге «Үйге барған соң ішесің» деп шұбаты мен уыстап құртын беріп жатқанда, «Валяжан-ау, атаңның сенің шұбатыңа аңсары ауып жатқаны. Алдыңғы күні де алып едім. Тағы келгенім» деп, сүріне-қабына Сағира әже де кірді. «Апа, бүгін мейрамыңыз ғой. Шұбат дайын тұр. Алдымен Ақбота келініңіздің шайын ішіп алыңыз», - деп, бәйек болып жатыр. Сүрленген жылқы етінің иісі танауды жарып барады. Қаймақпен баптап құйған қызыл күрең шайын құрт-ірімшікпен рахаттана ішіп алған Сағира әже шұбатын алып, батасын жаудырды.
  Берекелі шаңырақтың әр күні алғысқа толы. Отағасы Бұйрабай Бердалиев – аудандағы кәсіби медиатор. «Пенде болған соң, қателеспей тұрмайды. Мақсатым – қиындау жағдайға тап болған жандарға қолдан келгенше көмегімді тигізу. Өмір жолымдағы және атқарған қызметімдегі тәжірибемді осы салада пайдаланудамын. Бітімге келтіріп, қос тарапты келістіру де оңай шаруа емес. Дегенмен, әсіресе, туыстар арасындағы және отбасылық жағдайлар жұртқа дабыра болмай, бітімге келіп, қуанған адамдар алғыстарын білдіргенде шаршағанымды да ұмытамын. Сондықтан, әр шаңырақта ауызбіршілік болса деп тілеймін. Әрбір жан «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қанатты қағиданы ұстанып өмір сүрсе деймін» деп әңгіме арасында ағынан жарылды ол. Ерлі-зайыптылардың өнегелі ұл-қыздары түрлі салада абыройлы қызмет атқаруда. Келіндері мен күйеу балалары да кішіпейіл, білімді, жан-жақты жастар. Құда-жегжаттарымен сыйластықтары да кісі қызығарлықтай.
  Бірінің артынан бірі құлдыраңдап алдарынан жүгіре шыққан немерелерінің тәтті қылықтарын қызықтаған Бұйрабай мен Валентина «Боз түйе боталады» деген Ақбота келіннің даусынан соң ғана үйге беттеді.

Лаура ӘЙТІМОВА,
Арал ауданы.
19 наурыз 2018 ж. 1 634 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области