ЖАҢАРТЫЛҒАН БАҒДАРЛАМА: ІЗДЕНІС ЖӘНЕ НӘТИЖЕ
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты және Қызылорда қалалық білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицей базасында «Жаңартылған бағдарлама: ізденіс және нәтиже» тақырыбында қалалық семинар өткізілді.
Семинардың мақсаты – Қызылорда қаласы мектептеріндегі жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша сертификатталған мұғалімдердің Бағдарламаның түйінді идеяларын оқыту үдерісіне енгізудегі үлгілі педагогикалық тәжірибелерін анықтау және насихаттау.
Семинар жұмысына «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкерлері, Қызылорда қаласы мектептерінің директорлары мен жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша 70-тен астам сертификатталған мұғалімдер қатысты.
Семинар барысында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша тренері О.Маханбетов «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ мақсатын дұрыс қоя білу», институттың аға оқытушысы О.Орманов «Рефлексия жүргізудегі кездесетін кедергілерді жою жолдары» тақырыптарында тренингтер өткізді. Сонымен қатар №136 мектеп-лицейдің шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдері үлгілі ашық сабақтарын көрсетті.
Семинар қорытындысында мектеп басшылары мен үлгілі шығармашылық жұмыстар көрсеткен мұғалімдерге «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты тарапынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.