БІЗ АУЫЛДЫ СҮЙЕМІЗ, ӨНЕРГЕ БАС ИЕМІЗ!
Ауыл баласы үшін туған ауылынан артық қоныс жоқтығы белгілі. Ата жұрты мейлі, ақ шағыл құм арасындағы шалғай мекен болсын, шаңдағы көкке көтеріліп, күндіз-түні ақ түтек боран соққан жалғыз үйлі қыстау болсын өзіне Жерұйықтай көрінетіні де рас. «Әркімнің туған жері – өзіне жұмақ» деп тебіренетініміз де осыны аңғартса керек.
Осынау даналық сөздің мағынасын бүгін тағы да терең түйсіне түскендейміз. Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін әңгімені әріден бастасам.
Биыл менің сыныптастарыма Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепті бітіргендеріне 40 жыл толды. Аз уақыт емес. Келін түсіріп, немере сүйіп, қыз ұзатып дегендей бірқатар қуанышты сәттерді де бастан кешіріп үлгердік. Арада өткен жылдармен біздің де сағынышымыз еселене түскендей. Олай болмағанда ше?!.
Бұған дейін өзгелер сияқты он, жиырма, отыз жылдықты атап өтпегенімен бір-бірімізге деген сыйластығымызға дақ түспеген. Ал биыл... Неге кідірдің дейсіз бе?! Биыл мектеп бітіргеніміздің 40 жылдығын атап өтуге уағдаластық. Бір қызығы, өзгелер секілді кездесу кешімізге қаражат жинауда пәлендей машақаттанғанымыз жоқ. Қалайша дейсіз бе?!. Құлақ салыңыз, түсіндіре кетейін. Арамызда қара қасы қияқтай, көрікті де сабырлы мінезді Арынғазы Қайырбаев есімді сыныптасымыз бар. Мамандығы бухгалтер. Өзі облыстық телеарнада бас бухгалтер болып жұмыс істейді. Есепке жүйрік досың болса күйбең тіршілікте есең кетпейтіні айдан анық екен. Дербес шот ашып, біз соған ақша салып, тиесілі қаражатты жинап та үлгердік.
Арынғазы бастап Жетес Жақасов, Анарбай Жалғасов, Жетібай Қарасаев сынды жігіттер қостап, сонау Балқаштан парасатты мінезді Ғалия Жұмабаева – Әліпбаева, Төретамнан менің сұлу жеңешем Миратай Бекбауылова, Атыраудан Әлима Беласарова, Қазалыдан сабырлы да ағеден Бақыткүл Әбілдаева, Айжан Сәндібекова, бәстесе кетсе анау-мынау еркегіңе дес бермейтін, ақылына қайраты сай Күлімхан Бимырзаева тағы өзгелеріміз қоштап, той жабдығына қызу кірісіп кеттік. Десе де сан адамда сан түрлі пікір болатыны шындық. Пікіріміз тойға алатын сыйлыққа келгенде екіге жарылды.
Бір жағы бізге дейінгі қалыптасқан дәстүрмен өзіміз түлеп ұшқан №94 мектепке тарту жасауды ұсынды. Қалғандарымыз «Мектеп ұжымын да құралақан қалдырмаспыз. Алайда, басты назарды ауылдың мәдениет саласына аударайық. «Мәдениет үйіне шамамыз жеткенше музыкалық аспаптар алып берейік. Әрі бұл аспаптар ауыл көлеміндегі мектеп, балабақша, емхана, әкімшілік ұжымдарына, жастарға ортақ дүние болсын» деген ұйғарымға келгенбіз.
Осылайша, Арынғазы досымыз Ғалиямызға өтініш айтып, Алматы қаласынан музыкалық аспаптарды сатып алдырды. Оны ауданға танымал кәсіпкер досымыз Анарбай Жалғасов жеке көлігімен мыңдаған шақырым жол жүріп, бізге жеткізді.
«Аманатқа – қиянат жоқтығы» тағы белгілі. Сағына күткен аспаптар қолға тиісімен Анарбайдың көлігіне Күлімхан, Бақыткүл, мен төртеуміз ауылға тарттық. Ауыл әкімі Сапарбек Қуатов та мәрт жігіт екен. Біздің келгенімізді есітіп, аудан орталығындағы шаруасын тастап, жетіп келді. Ел азаматтарын елегені үшін ризашылығымызды білдірдік.
Мәдениет үйіне жиналған ауыл көлеміндегі мекеме қызметкерлері, тұрғындар, жастар өкілдері, мектеп оқушыларының қуанышында шек жоқ. Ауылдық мәдениет үйіне мұндай аспаптар соңғы рет сонау 1980 жылы алынған екен. Оны сол кездегі совхоз басшыларының көмегімен біздің досымыз, мықты әнші, гитарашы марқұм Сәбит Бисембаев Мәскеу қаласынан әкелген болатын. Араға 40 жыл салып сол қуанышты оқиға менің сыныптастарымның бастамасымен тағы да көрінісін тапты.
Шара барысында Арықбалық ауылдық округі әкімі Сапарбек Қуатов, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Әли Шайқұлов, №94 мектеп директорының орынбасары Айзада Тасым жылы лебіздерін білдірсе, ардагер өнерпаздар Зейнел Ахметов пен Мейрамбек Тілеубергенов әсем ән шырқап, көпшілік ілтипатына бөленді. Шалқыған әуен көкке қалықтағанда менің санама гитара асынған сұлу өңді Сәбит бауырым сахна төрінен жымия қарап тұрғандай әсер берді.
Ал біз өңдерін жел қақтап, күн сүйген бауырларымыздың риясыз қуанғандары үшін өзімізді бақытты санадық.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Жанқожа батыр ауылы