БОЗ КІЛЕМДЕ БЕЛДЕСТІ
Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов ауылында жыл сайын «Абзал және К» ТС жүлдесі үшін дзюдодан турнир өткізіліп келеді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, жасөспірімдер арасында дзюдодан республикалық ашық турнир ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жас спортшылар келді.
Турнирдің ашылуына ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене шы¬нықтыру орталығының» бас директоры Садық Мұстафаев, «Абзал және К» ТС-нің бас директоры Мағжан Ералиев және ауыл әкімі С.Нұрмағанбетов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биыл 8-ші мәрте өткен жарысқа елімізден 34 команда, барлығы 400-ге жуық дзюдошы қатысып, 17 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан дзюдошылар боз кілемге шығып белдесті. Олар өз салмақтарында кіл мықтыдан кім мықтыны анықтап, жақсы дайындықпен келгендер жеңіс тұғырынан көрінді.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы ұлдар мен қыздар арасындағы ашық турнир үш күнге созылды. Нәти¬жесінде, қарсылас шақ келтірмеген жас дзюдошылар жеңімпаз атанды. Олардың ішінде, бар¬лық белдесуін жеңіспен аяқтаған сырбойылық жасөспірімдер облыс, аудан намысын қорғады. Атап айтар болсақ, Н.Ілиясов ауылынан қатысқан Назерке Қуанышбекова 44 келі салмақта І орынды, Әлия Тәуекелова ІІ орынды жеңіп алды.
Жеңімпаздар «Абзал және К» жүлдесіне ие болды.
Е.БЕРКІНБАЕВ,
Сырдария ауданы