ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ӘРКІМГЕ КЕРЕК
Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жаңа технологиялар арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Бағдарлама шеңберінде тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру міндеті белгіленген. Осыған орай, халықтың цифрлық дағдыларын қалыптастыру үшін тренерлерді дайындау семинары өтті. Онда облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова жаңа технологияға бейімделудің маңызы жайлы айтып өтті.
– «Цифрлық Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыруда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, екінші бағыт – экономиканың салаларына цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT мамандарды даярлау. Жалпы, мұның бәрі халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, еңсесі тік көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады. Ал, бұл мақсатқа жету үшін еліміз Үшінші жаңғыруды еңсеруі тиіс. Алдағы кезде замана көшінен қалғысы келмеген әрбір азамат, мамандар, ғалымдар мен студенттер ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық ТВ, кеңжолақты интернет, ақпараттық технологиялар, Е-үкімет, Е-сауда, интерактивті жарнама және әлеуметтік медиа саласындағы жаңалықтардан тыс қалуына болмайды, – деді И.Ақжігітова.
ХҚКО көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға және автоматтандыруға мүмкіндік берді. Проактивті түрде көрсетілетін қызметтердің қатары арта түсті. Бүгінде тізілімдегі мемлекеттік қызметтердің барлығы 746 болса, соның 621-і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілген. Бұл барлық қызметтің 83 процентін құрайды. Оның 452-сін үйден шықпай-ақ Egov порталы арқылы алуға болады.
– Электронды қызметтер үлесі аймақта өткен жылмен салыстырғанда 30 процентіне артты. Бүгінде департамент қызметкерлері халықтың көп шоғырланған жерлерінде жергілікті халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру бойынша оқытулар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы шаралар жалғасын таппақ, – деді «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры А.Тобаева.
Семинарға облыстағы 293 жалпы орта білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімдері, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің және аудан әкімдіктерінің жауапты мамандары қатысты. Онда облыстық білім басқармасы, «Қазпошта» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның облыстық ақпараттық технологиялар орталығы мамандары сала бағыттары бойынша дәріс оқыды.
Ш.БЕКБАН