МӘЖІЛІС ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН СЫЙЛЫҚҚА ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУДЫ БАСТАДЫ
Бүгін Парламент Мәжілісінің журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығына үміткерлерден өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Журналистерге арналған арнайы парламенттік сыйлық 2016 жылы Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Мәжіліс Бюросының шешімі бойынша тағайындалған болатын.
Атаулы сыйлыққа Палатаның заң шығарушылық қызметі жайында 2017 жылдың 1 қыркүйегі мен 2018 жылдың 14 маусымы аралығында жазылған және жарық көрген материалдар қабылданады.
Жеңімпаздар алты аталым - Мәжілістің қызметі туралы үздік телевизиялық, мерзімдік баспасөз, ғаламтор мен радиоматериалдар, сонымен бірге, фото және бейне-материалдар бойынша анықталады. Сондай-ақ, Қазақстан парламенттік журналистикасының дамуы мен өркендеуіне үлес қосқандар да ескерілетін болады.
Сыйлыққа үміткерлерді бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Сонымен қатар, бұл бәйгеге журналистер өзін өзі ұсыну арқылы да қатыса алады.
Өтінімдер 2018 жылдың 15 маусымына дейін қабылданады. Жеңімпаздар Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында жарияланады.
Қосымша ақпаратты Мәжілістің parlam.kz ресми сайтынан алуға болады.