«ҚАЗІРГІ ПСИХОЛОГИЯ ТАРИХЫ» МӘСЕЛЕСІ: ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ
«Психология тарихы» әлемдегі барлық психологиялық білімдер жайлы бұрынғы өткен ғұлама ғалымдарымыздың көзқарастары мен болашақтағы болжауының нәтижесінен туындаған, өткен тарихымыздан жас ұрпаққа мұра болып жеткен психология ғылымдарының дамуын, сондай-ақ, психикалық құбылыстар мен процестердің, психикалық қасиеттердің табиғаты жайлы мәселелерді қарастырады.
«Психология тарихы» осы ғылымның негізін салушы ұлы ғұламалардың ғылыми мұраларына ұқыпты қарауға ұшан теңіз еңбектерін, ғылыми мұраларын бағалап, ғылымның әрі қарай дамуына қажетті өшпес идеяларды алуға, ғұлама ғалымдардың жанқиярлық еңбектерін бағалауға үйретеді.
Бұған дейінгі ЖОО-да қолданылып келген «Психология тарихы» оқулықтары антикалық кезеңдегі психологиялық ой-пікірлерден бастап кеңестік кезеңде қалыптасқан психологияның қалыптасып, даму жолын көрсетіп келді.
Дуэйн және Сидней Шульцтің «Қазіргі психология тарихы» пәнінің қалыптасу кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі дамуын қамти отырып, роботтар мен жасанды интеллект секілді жаңа құбылыстарды психология тұрғысынан талдайды.
«Қазіргі психология тарихы» алғашқы басылымы 1998 жылы басылып шыққан. Авторлар алғашқы басылымды жыл сайын жаңа зерттеулермен толықтырып, 17 жыл ішінде 11 рет басылып шықты. Ал осы 11-басылымы – «Психология тарихы» пәні бойынша қазақ тіліне аударылған санаулы еңбектердің бірі. Психологияның пән ретінде қалыптасуынан бастап, ондағы түрлі ағымдар мен көзқарастарды ойшылдардың жеке өмірі мен оған айтылған сын-пікірлер арқылы баяндайтын оқулық аталмыш саладағы соңғы жаңалықтарды да қамтиды. Психология тарихындағы маңызды тұлғалардың «Өзі оқыған дәрістен» айдары арқылы берілген түпнұсқа дәрістер – ізденушілер үшін таптырмас дүние. Оқырмандар бұл кітаптан бұрынғы басылымдарда жарияланбаған Фрейдтің хаттары, XVII ғасырдағы механикалық мүсіндер мен бүгінгі роботтардың арасындағы байланыс, Екінші дүниежүзілік соғыстың Америка психологиясының өсіп-өркендеуіне еткен ықпалы, Алессандро Вольтаның «таңғажайып» зерттеуі сияқты бірқатар қызықты мәліметтермен таныса алады. Бұл оқулық психология саласын зерттеп, зерделеп жүрген мамандар мен оқытушыларға және психология пәнін арнайы оқитын жоғары оқу орнының студенттері мен аталған ғылымға қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.
Бұл кітапты пайдаланушы университеттердің барлығы АҚШ мемлекеті. Атап айтсақ:
Гарвард Университеті (АҚШ)
Колумбия Университеті (АҚШ)
Корнелл Университеті (АҚШ)
Дартмурт колледжі (АҚШ)
Кітап мазмұны 15 тараудан тұрады:
1-тарау. Психология тарихын зерттеу.
2-тарау. Философияның психологияға ықпалы.
3-тарау. Физиологияның психологияға ықпалы.
4-тарау. Жаңа психология.
5-тарау. Структурализм.
6-тарау. Функционализмнің қалыптасуына әсер еткен жағдаяттар.
7-тарау. Функционализмнің дамуы мен қалыптасуы.
8-тарау. Қолданбалы психология: функциялық психологияның мұралары.
9-тарау. Бихевиоризмнің қалыптасуына әсер еткен жағдаяттар.
10-тарау. Бихевиоризмнің бастауы.
11-тарау. Қалыптасқаннан кейінгі бихевиоризм.
12-тарау. Гештальт-психология.
13-тарау. Психоанализдің пайда болуы.
14-тарау. Қалыптасқаннан кейінгі психоанализ.
15-тарау. Психологияның үздіксіз дамуы.
Әрбір тарау көптеген тармақшалардан тұрады. Мәселен, «Психология тарихын зерттеу» деп аталатын 1-тарауда автор психология тарихын зерттеу не үшін қажет болды«Философияның психологияға ықпалы» деп аталатын 2-тарауда 18-ғасыр философтарының психологиялық ой-пікірлерінен бөлек, сол дәуірде ашылған жаңалықтар мен адамдар психологиясына әсер еткен құбылыстар (сағат механизмі, механицизм рухы, детерминизм, автоматтар, есептеу қозғалтқышы, талданады. Ал «Физиологияның психологияға ықпалы» деп аталатын тарауда Европа елдерінде физиология саласында, оның ішінде ми қызметіне жүргізілген зерттеулердің психология ғылымының дамуына қалай ықпал еткендігі баяндалады. Сонымен бірге алғаш эксперименттік психологияның пайда болуы жайлы және оның неліктен Германияда дамығандығы, жан мен тәннің өзара байланысының сандық бағалануы және оған үлес қосқан ғалымдар қатары егжей-тегжейлі талданады.
«Жаңа психология» 4-тарауда қазіргі психологияның негізін салушы Вильгельм Вундтың өмірі, оның ғалым ретінде қалыптасуы, сана тәжірибесін зерттеуі, сонымен бірге неміс психологиясындағы өзге де ілгерушіліктер, үлес қосқан ғалымдар жайы сөз болады.
5, 6, 7 тарауларда Америкада пайда болған структурализм мен функционализм бағыттарының қалыптасуы және олардың қалыптасуына әсер еткен жағдаяттар, зерттеуші ғалымдар, жануарлар психологиясын түсінуге талпыныстар, психолог әйел ғалымдардың ғылымдағы теңсіздігі, психологиялық Чикаго мектебінің қалыптасуы баяндалады.
8, 9, 10, 11, 12-тарауларда психологияның бір бағыты бихевиоризмнің қалыптасуына әсер еткен жағдаяттар, оның бастауы, қалыптасқаннан кейінгі жай-күйі, бихевиоризм бағытын ұстанушы ғалымдар және гештальт-психологияның таралуы, зерттеу бағыты ретінде әлеуметтік психологияның пайда болуы, гештальт-психологияның негізін салушы Курт Левиннің өмірі, зерттеулері берілген.
13-14-тарауларда психологияның тағы бір бағыты – психоанализдің қалыптасуы, оған әсер еткен жайттар, оның негізін салушы Зигмунд Фрейдтің өмірі, оның емдеу әдістері, Фрейд және дәстүрлі психология, Американың поп мәдениеті мен психоанализ мәселелері, қалыптасқаннан кейінгі психоанализ, психоанализдегі бәсекелес фракциялар, неофрейдист ғалымдар: Анна Фрейд, Карл Юнг, Альфред Адлер, Карен Хорни, Абрахам Маслоу, Карл Роджерс, Мартин Селигман өмірлері мен зерттеулері баяндалған.
15-тарауда «Психологияның үздіксіз дамуы» деп аталады. Мұнда психологиядағы когнитивтік қозғалыс, Джордж Миллер өмірі мен зерттеулері, соңғы уақыттағы зерттелінген мәселелер, жасанды интеллект, жасанды интеллект пен адам интеллектісінің арасындағы бәсекелестік, ақылды компьютерлерден адамның тартысты жеңілісі және т.б. мәселелер сөз болады.
Кітапты толықтай оқып шыққаннан кейін бірқатар тұжырымдар жасауға тура келді. Ең әуелі, «Қазіргі психология тарихы» оқулығының күшті жақтарына тоқталып кетейін.
Психологияның пән ретінде қалыптасуынан бастап, ондағы түрлі ағымдар мен көзқарастарды ойшылдардың жеке өмірі мен оған айтылған сын-пікірлер арқылы баяндайды;
Ғылым мен техника салаларындағы соңғы жаңалықтарды қамти отырып, психологияның даму тарихын баяндайды;
Психология тарихында өзіндік қолтаңба қалдырған ғалымдар еңбектерінің түпнұсқасы “Өзі оқыған дәрістен” айдарымен берілуі (бұрынғы басылымдарда жарияланбаған Фрейдтің хаттары және т.б.);
XVII ғасырдағы механикалық мүсіндер мен бүгінгі роботтардың арасындағы байланыс, Екінші дүниежүзілік соғыстың Америка психологиясының өсіп-өркендеуіне еткен ықпалы, Алессандро Вольтаның «таңғажайып» зерттеуі секілді мәліметтер қамтылған;
Бұған дейінгі жарияланған және ЖОО-да қолданылып келген «Психология тарихы» оқулықтарынан мазмұндық өзгешелігі;
Авторлар өз зерттеуінде жазбаша ғылыми стиль мен ауызекі баяндау стилінің үйлесімді ортасын тауып, қолдана білген.
Психология тарихы саласын зерттеп жүрген ғалымдарға оның қазіргі жай-күйін жан-жақты, зерделеуге мүмкіндік береді;
Психология пәнін арнайы оқитын ЖОО студенттері мен осы ғылымға қызығушылық танытатын оқырман қауымға оның қазіргі даму жағдайымен тереңірек танысып шығуға мүмкіндік береді;
Психология тарихында өзіндік қолтаңба қалдырған ғалымдар еңбектерінің түпнұсқасын қазақ тілді студенттер мен оқырман қауымның оқып-ұғынуына мүмкіндіктің берілуі.
Қазақ психологиясы тарихын осы оқулық негізінде қайтадан зерттеп-зерделеу қажеттілігі.
Ал кемшілікті тұсы деп кітаптың көпшілік қауымға арналмағандығы және оқырманнан бұл кітапты оқып-зерделеу үшін психологиялық терең білімінің болу қажеттілігі деп айтар едім.
Десе де, бұл кітапты «Педагогика және психология» мамандығы бойынша оқитын ЖОО студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынылуы тиіс және бұған дейінгі «Психология тарихы» деп аталып келген оқу пәнінің атауын «Қазіргі психология тарихы» деген атаумен ауыстыруға және оның мазмұнына қазақ психологиясының тарихы мәселелерін де қоса кірістіру қажет деп есептеймін.
Аян АХМЕТОВА,
«Педагогика және психология» кафедрасының оқытушысы