ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНА ТӨТЕ ЖОЛ
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикамызда көңілге қонымды бірқатар ұзақ және қысқа мерзімді жұмыстар атқарылып жатыр. Сол жұмыстардың бірі және бірегейі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру болып табылады.
Байыптап қарасақ, қазақ даласында бірнеше алфавит қолданыста болғанын көреміз. Ол әліпбилердің өз заманында біздің тіліміздің тарихында алар өзіндік орны мен маңызы болғанына ешкімнің таласы болмасы хақ. Араб әліпбиінің қолданылуы қазіргі Қазақстан мен Орта Азияға ислам дінінің таралуымен тікелей байланысты болды.
Өткен ғасырдың басында қазақ даласында араб қаріптері негізінде Ахмет Байтұрсынов жасаған әліпби шықты. Ел арасында «төте жазу» атанған бұл әліпби 1912-1929 жылдар арасында қолданыста болғаны белгілі. 28 қаріптен тұратын бұл алфавит негізінде қазақ зиялылары ел болашағы хақында ой тербеп, ақын-жазушыларымыздың танымал шығармалары жарық көрді. Мұны сол кезеңде жарық көрген баспасөзден айқын байқаймыз.
Қазақ даласы мен Орта Азияға Кеңес Үкіметінің келуімен біршама реформалар жүргізіліп, Кеңес Одағы құрамына кірген Орта Азия елдері арасында «мәдени революция» жасамақ идеяны ұстанды. Осы негізде араб әліпбиінен латын графикасына көшіру идеясын 1922 жылы сол кездегі Кеңестік билік көсемі В.Ленин ұсынған. Оның пайымдауынша «Жаңа әліпбиді енгізу Шығыстағы революция» болуы керек еді.
1926 жылы Әзірбайжанда бірінші жалпыодақтық түркологтар съезі өтіп, онда Кеңес Одағы құрамындағы түркі халықтарының әліпбилерін латынға көшіру мәселелері қызу талқыланды. Соның нәтижесінде 1929 жылдың 7 тамызы күні КСРО Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің қаулысымен бірыңғайланған жаңа түркі алфавиті қабылданды. Оған дейін қазақ даласында латын қарпі негізіндегі жаңа алфавиттің нұсқаларын қалың бұқара мен лингвист-ғалымдардың қызу талқылаулары жүрді. Нәтижесінде ресми авторлары Құдайберген Жұбанов пен Сәрсен Аманжолов болып табылатын қазақ тілінің жаңа латын әлібиі қабылданды.
Бұл әліпби ресми түрде 1929-1940 жылдар аралығында қолданыста болды. 1940 жылы 13 қараша күні «Қазақ жазбасын латыннан орыс графикасы негізіндегі жаңа алфавитке көшіру туралы» заң қабылданды. Бұл негізінде елді орыстандыруға бағытталған саяси шешім болатын. Ол алфавитке орыс тіліндегі барлық дыбыстар мен әріптер өзгеріссіз көшірмеленіп, соның нәтижесінде қазақ тіліне тән емес дыбыстар енді, ал алфавиттегі әріптер саны 42-ге жетті.
Біздің ана тіліміздің шұбарлануы, тіл тазалығының бұзылуы осы кезеңнен бастау алды десек, еш қателеспейміз. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің басты мақсаттарының бірі де осы орыс графикасымен бірге туған тілге шұбырып енген бөгде дыбыстардан арылу болып табылады.
Бұл бағытта, яғни латын графикасы негізінде қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасақтау мақсатында Елбасының Жарлығымен Ұлттық комиссия құрылып, оның құрамына тіл мен ІТ-технология мамандары енді. Жаңа әліпбидің нұсқалары қалың бұқараның талқысына салынды. Нәтижесінде 2017 жылдың қараша айында қазақ тілінің жаңа әліпбиінің 32 әріптен тұратын нұсқасы бекітілді. Кейінірек, яғни 2018 жылдың ақпан айында ол нұсқаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады.
Қазақ тілін латын алфавитіне көшіргеннен не ұтамыз деген сауалға оның толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшуден ұлттың ұтатын тұстары көп.
Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге мол мүмкіндіктер туары анық.
Ең бастысы, саясаткерлер мен ғалымдарымыздың осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікіріне құлақ асып, оның тиімді тұстарын дәлелдеудегі көзқарастарын қолдауымыз қажет.
Жалпы жаңа әліпби қазақ тілінің жаңарып қайта түлеуіне тың серпін береді. Қазақ тілінің өзіндік табиғатына сай дамуын қалпына келтіреді деген сеніммен қарап, осы бағыттағы жұмыстарға атсалысып, қолдау білдіргеніміз абзал.