ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРГЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРГЕ ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Биыл Қызылорда облысында резидентураға 25 гранттан бөлек, аймақтың мектеп және медициналық колледждерінің үздік түлектеріне облыс әкімінінің гранттары бөлінетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында хабарлады.
Облыстық музыкалық драма театрында медицина қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өткізілді. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, аймақта медицина саласын дамыту бойынша өткізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап берді. Атап айтқанда, соңғы 3 жылдан бері қажетті медициналық мамандықтар бойынша резидентураға гранттар бөлініп жатыр, ағымдағы жылы да 25 грант бөлінді.
«Биылдан бастап орта мектептер мен медицина колледждерінің үздік бітірушілеріне облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалып отыр. Грант арқылы оларға оқу бітіргенше қолдау көрсетілетін болады. Облыс бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен қажетті мамандықтарға қайта даярлауға 2017 жылы 68 млн теңге бөлінсе, 2018 жылы 2 есеге ұлғайып, 130 млн теңге қарастырылды. Айта кету керек, биыл мамандарымыз Корея мемлекетінде және Ресей, Татарстан Республикасының Қазан қаласында білімін жетілдіруге, Қытай, Австрия, Ресей мамандарымен тәжірибе алмасып, озық технологияларды енгізуге мүмкіндік алып отыр», - деді аймақ басшысы.
Жыл қорытындысы бойынша үздік қызметкер атанған дәрігерлерге 500 мың теңгеге сертификаттар табысталды.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес сала медициналық ақпараттық жүйемен 100 пайыз қамтылса, цифрлық технологияларды енгізуге, компьютерлендіруге жергілікті бюджеттен ағымдағы жылға 365 млн теңге қаржы бөлінді. Одан бөлек, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік те қарқынды дамуда. 2017 жылы 4 жоба іске асырылса, 2018 жылға жалпы құны 14,0 млрд. теңгені құрайтын 28 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында соңғы 5 жыл ішінде жалпы құны 27,4 млрд. теңгеге 58 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 49-ы апаттық жағдайдағы нысандар орнына салынды.
Атқарылған шаралар жалпы өлім-жітімді 4 пайызға, оның ішінде нәрестелер өлімін 41,2 пайызға, қатерлі ісіктен - 22,8 пайызға, туберкулезден - 2 есеге азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, облыс халқының күтілетін өмір сүру ұзақтығы соңғы бес жылда 2 жыл 6 айға артып, 72,2 жасты құрады.
Атап өтейік, ендігі кезекте Қазалы аудандық аурухана базасында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр тұрғындарына кардиологиялық орталық ашу, Арал және Шиелі аудандарында 150 төсектік орталық ауруханалардың жұмысын аяқтау, Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде 250 келушіге, Қызылорда қаласындағы Тасбөгет кентінде мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде реабилитациялық орталығы бар 250 келушіге арналған емхана, Сырдария өзенінің сол жағалауында көпбейінді 300 төсек-орындық аурухана құрылысын бастау тұр.