ШЫН ЖҮЙРІКТЕР ЖОЛДАМА АЛДЫ
Көрермен қауымның көңілінен шыққан «Men – qazaqpyn» атты дәстүрлі әнші, термеші және күйшілердің мега жобасы ұлтымыздың төл өнерін төрге сүйреген таланттарды бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Аталған бастама аясында Қызылорда облысында да іріктеу туры өтті.
Облыс орталығындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде республикалық кезеңге жолдама алған үздіктер анықталды.
Жобаға қатысушы жергілікті өнерпаздар дайындықтарын сахнаға шығар алдында тағы бір пысықтап алды. Әрине, қобалжу жоқ емес. Әйтсе де, әрқайсысы топтан дара шығуға үмітті. Төрешілер тарапынан қатысушылардың орындау шеберлігі, сахнада өзін-өзі ұстауы, қазақы үлгідегі киімі есепке алынды. Нәтижесінде республикалық байқауда өңіріміздің өзгеге ұқсамайтын өнердегі өрнегін паш ететін дарабоздар анықталды. «Үздік аймақтық термеші» номинациясын Күнсұлу Түрікпен иеленсе, Әділбек Тәшенов «Үздік аймақтық күйші» атанды. Сазды дауысымен тыңдарманды еліткен Мұхамедәлі Бекпейісов «Үздік аймақтық әнші» аталымын қанжығасына байлады.
– Қазақстан ұлттық арнасының ұйытқы болуымен өткізіліп отырған мега жобаның тағылымы терең дер едім. Себебі, бұл байқауда көнеден күмбір тартқан дәстүр дәріптеліп, құндылықтар құнтталады. Жобаның аудандық және қалалық кезеңіне барлығы 86 үміткер қатысқан еді. Олардың арасынан 25 өнерпаз іріктеліп, облыстық кезеңге қатысуға мүмкіндік алдық.
Бүгін міне, тағылымдық мәні зор қазынамызды ұлықтап жүрген талантты жастар өнерімен тәнті етіп отыр. Айта кетейік, биыл аталған телевизиялық жобада жаңалық көп. Алдағы тамыз-қараша айы аралығында Астана қаласында өткізілетін байқауда «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі», «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымына лайықтылар белгілі болады.
Қазақ өнерінің өрісін кеңейтетін додада SМS дауыс беру арқылы «Көрермен көзайымы – 2018» аталымының да иегері анықталмақ. Бүгінгі жүлдегерлер осындай ауқымы кең жобада аймақ абыройын асқақтатады деген сенім білдіреміз, – деді «Qyzylorda» телеарнасының директоры Ж.Қарабала.