ЖЫРАУ – ҰЛТТЫҢ ЖҮРЕГІ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ақын-жазушыларымыздың мақалаларымен, халқымыздың ұлттық салт - дәстүрлеріміз бен тіліміз, музыкамыз бен жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» - деген болатын.
Осы орайда қазақ даласындағы жыраулық өнердің дамуына үлес қосқан, есімі аталмай жүрген ақын-жыршы, жырауларымыздың аяулы есімдері жаңғырып, туған халқымен қайта қауышып жатыр. Бұл да болса, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласының шарапаты дер едім.
Сары жырау Қанатұлы 1873 жылы Сыр бойындағы Қамбаш көлімен жалғасқан Қаязды көлі маңындағы Қаязды аталған елдімекенде дүниеге келген.
Жансүгір – келбетті, шегір көзді, сары кісі болғандықтан ел ішінде «Сары жырау» аталып кеткен. Сары жырау үш ағайынды – Айсүгір, Жансүгір, Күнсүгір болған. Барлығы да елге белгілі, өнерлі, оқыған-тоқығаны бар кісілер болған.
Айсүгірі – етікші, темірден, ағаштан түйін түйген, сүйектеп домбыра жасайтын шебер ұста болған. Ал кішісі Күнсүгір – Бұхараның Көкілташы мен Түркия, Иран діни медреселерінде білім алып, ахун дәрежесіне дейін жеткен ғұлама кісі болған. Күнсүгірдің баласы Тажеддин Мақсұмның Қамбаштағы мешітінде парсыша, арабша жазылған көне, ескі кітаптар бар және сол кісінің аса таяғы, жайнамазы, кілемшесі тағы басқа тұрмыстық заттары сақтаулы.
Ал Жансүгір ескіше хат танығаннан кейін шығыстан шыққан шайырлардың еңбектерімен танысып, құдай берген өнерінің арқасында жыраулық өнерге ден қойған. Ол осы өнерде жүргенінде ағасы Күнсүгір: «Ағайынды екеумізге екі өнер көптік етеді, мен дін жолындамын, ал сенің домбыра тартып, жыр жырлауың, күй шерткенің артық болар» – деп, «жұртқа әңгіме болармыз» деген ұйғарыммен ағасына айтайын деп оқталып келгенде, ағасының екі иығынан екі жолбарыс көрінген екен дейді.
Содан сескенген ахун бұл ағам да тегін емес екен деп райынан қайтады. Жансүгірдің өзі туралы айтқаны әлі де елдің есінде. Елде көзге көрініп «інісі дінді уағыздап жүргенде, ағасы ел-елді аралап жыр жырлап жүр» – дегеннен қашық болайын деп Орынбор, Жайық бойының Бескүрек деген жерінде өмірін өткізеді. Ол туралы өзі былай деді:
Құбылтып әуеніме салғанымда,
Тыңдаушы ед тапжылмастан жас пен кәрі...
Мен бардым Бескүрекке жыр жырлауға,
Алған соң домбыраны омырауға.
Қанат бітіп қалықтап кетуші едім,
Дауысым келуші еді мың бұрауға.
Өз атым Жансүгір еді, түсім сары.
Сондықтан Сары жырау дейд жұрттың бәрі.
Жансүгір шығармашылығы зерттелмегені, соңына көп жас жырауларды ерте алмағаны інісі Күнсүгірдің мешіт ұстағаны, сол себептен Сыр бойында еркін жырлай алмаған.
Жансүгірдің бірінші әйелінен Мұса, Иса, Зағи туылған, ал екінші әйелінен үш ұл, екі қыз дүниеге келген. Ұлдары Жампоз, Жангелді, Жайберген, қыздары Сабила, Сабира, Рахима. Шамшаддиннен Ерпайыз, Ерболат, Темірболат, Болат. Ерпайыздан Мұратбек, Баян, Гауһар, Мұратбектен Дінмұхаммед. Сары жыраудың балалары шетінен өнерпаз болған.
1916 жылы туған Жампоз жырау, 1921 жылы туған Жангелді, 1923 жылы туған Жайбергендер сол өздері тұрған өлкеде жыраулық, күйшілік өнермен ел есінде қалған.
Жампоз 1940 жылы Алматы қаласында өнер көрсеткен. Бұл үш ағайындылардың бәрі де кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардың үшеуі де соғыстан оралмаған. Жансүгірдің баласы Мұсадан Шамшаддин ақсақал да соғысқа қатысып (1942 жылы алынған), 1952 жылы әскер қатарынан босаған. Әскерден босаған бойдан елге келгеннен кейін үлкен ұлы Ерпайыз 1953 жылы дүниеге келген.
Сары жырау (Жансүгірдің) өнерін оның қазіргі шөпшегі Баян Мұсаева ғана жалғастырды. Ол қазір Астана филармониясында дәстүрлі өнер бағытында өнер көрсетеді. Жоғарғы білімді орындаушы.
Бізге Сары жырау жайлы мағлұмат берген шөбересі Мұсаев Ерпайыз мырзаға алғысымыз шексіз. Егер ол болмағанда жырау жайлы дерек белгісіз қалпында қалуы әбден мүмкін еді.
Бізге жеткен жыраудың Жампоз атты баласынан қалған бірлі-жарым мақамды белгілі жырау Айбек Тәңірбергенов жырлап, халыққа паш етіп жүр.
Жұмабек АҚҚҰЛОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері
Қызылорда қаласы