«КӘУСАР» – ЖҮГЕРІ СУСЫНЫНЫҢ АТАУЫ
Бұрынғыдай емес, қазір кәсіпкеркелік қанатын кеңге жайып келеді. Ерекше қуанарлығы, бүгінгі таңда аймағымызда тың инновациялық идеялар ұсынып, соны мемлекет қолдауымен жүзеге асырған азаматтар қатары артып келеді. Тіпті, мұнан ауылдағы ағайын да қалыс қалып жатқан жоқ. Сондай озық ойлы жанның бірі жаңақорғандық кәсіпкер Қасым аға.
«Кейдендік Қасым Әбжаппаров кәдімгі жүгеріден сусын дайындайды екен» дегенді бұрын да естігенбіз. Кәсібінен нәсібін тапқан кәсіп иесімен әңгімелесу үшін Жаңақорған ауданындағы Кейден ауылына арнайылап бардық.
Біз барғанда кәсіп иесі шаруашылық басында жүгері суарып жүр екен. Ұялы телефонына хабарласып, шаңырағында күтіп отырмыз. Жары Гүлзира алдымызға түйілген жүгеріден дайындалған салқын көже әкелді. Отанасының айтуынша, бұл үйдің балалары құрамында түрлі тәтті қоспалары бар сусындарды іздемейді екен. Осы заманғы тәтті сусынның бәрінің орнын осы жүгері суы басып тұр.
Кейіпкеріміз де көп кешікпей келді. Ол әңгімесін әріден бастады.
– Жүгері егу – бала кезден қол да, көз де үйренген кәсіп қой. Кейін дәнді түйетін құрылғы сатып алдық. Ауыл тұрғындарының еккен жүгерісін алып, оны түйіп сауда орталықтарына өткіздік. Уақыт өте келе ісіміз жандана түсті. Бір күні базарға барсам, жүгеріден жасалған попкорн сатып тұр. Неге жасамасқа? Ауыл ішінде бос тұрған ғимарат болатын. Соны алып, попкорн жасай бастадым. Шаруаға екі інім қолғабыс етті. Сонан кәсіп өріс ала бастады, - дейді Қасым аға.
Аядай ғана ауылдағы тіршілік көзі тек мал мен егін. Соның ішінде жүгері өсірумен айналысатындар да аз емес. Бұл ауылда егіс науқаны кезінде 90-100 гектар жерге жүгері дақылы себіледі. Суды да аса қажет ете бермейтін дақылдың пайдасы зор.
Ізденгіш Қасым өткен жылы жүгеріден сусын дайындады. Бұл бастама біраз зерттелді. Жаңа сусынның құрамын тексерген Алматыдағы Т.Шарманов басқаратын Тағамтану академиясы оң бағасын берді. Тың бастамасы қолдау тапқан кәсіпкер өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, гранттық жоба жеңіп алды. Қайтарымсыз қаражатқа үлкен екі қазан мен сыртқы қорабын дайындайтын құрылғыны алды. Жаңа ғимарат та дайын тұр.
– Бұған дейін сусынды 1 литрлік қораппен шығарған едік. Бірақ ол тиімсіз болып отыр. Себебі, сыртқы қорабы қымбатқа түседі екен. Сондықтан жарты литр мөлшерде дайындауды қолға алдық. Бір жағынан ұстап жүруге ыңғайлы. «Кәусар» деген жазуы бар қаптамасын Алматы қаласында жасатамыз. Онда сапалы дайындайды, - дейді кәсіпкер.
Жүгерінің сусыны нарыққа «Кәусар» деген атаумен тарап жатыр. Егер сұраныс болып жатса, жүгері сусынын еліміздің барлық аймағына таратуға болады дейді кәсіпкер.
Қасым Әбжаппаров мұнымен шектелмек емес. Жаңақорған ауданында Жайылма аталатын шағын ауыл барын бәріміз білеміз. Бұл ауылдың даңқын асырған осында өсетін дәмі бал татитын қарбызы. Тау суының қасиетінің арқасында Жайылма қарбызының дақпырты бүгінде алысқа кетті. Жергілікті дихандар маусымдық жұмыспен айналысып, жылына 25 мың тонна қарбызды Ресей Федерациясына жөнелтуде. Кейіпкеріміз алдағы уақытта қарбыз бен қауын сусынын шығаруды жоспарлап отыр.
Бір ғана Қасым Әбжаппаровтың мысалынан-ақ Сыр өңірінде шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау зор екендігін байқаймыз. Тіпті, шалағай ауылда тұратын кәсіп иелерінің тың идеяларын, инновациялық бастамаларын мемлекет әрдайым қолдап отырады. Жаңа жобаларға қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие ұсынады.
Бұл жағынан Қызылорда облысы көш басында тұрғаны қуантады.
«Кызылорда-ньюс»