ЖАНАШЫР ЖАНДАР ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ
Дана халқымыз «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Мейірім барда – мұңдық жоқ», «Жайылымы болмаса, мал азады, мейірімі болмаса, жан азады», - деп ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Айналадағы адамдарға деген мейірім мен қамқорлық адамгершілік пен имандылықтың өлшемі саналады. Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды. Шыны керек, кейде қамқорлық жасағандарға алғыс айтудан әрі аса алмай жатамыз.
2017 жылдан бастап жүзеге асырылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты – жанашыр жандарды, елге үлгі боларлық азаматтардың тәжірибесін тарату. Осы орайда нарықтың қатал заңына қарамастан өз кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жанашыр азаматтарды дәріптеу арқылы жастарды елжандылыққа тәрбиелейміз.
Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, Сыр өңірінде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік. Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, қазақы қасиетіміздің айқын белгісі. Ағайынға болысу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдау – адамзатқа тән мейірімділік пен кеңдіктің көрінісі.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», - дей келіп, нақты міндеттерді жүктеген болатын. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты принципке негізделіп, 6 арнайы жоба, 6 кіші бағдарлама арқылы жүзеге асырылуда.
Аз ғана уақыттың ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбеюде. Атап айтар болсақ, 2017 жылы 6 млрд-тан астам теңге меценаттар есебінен жүзеге асырылды. Қызылорда облысы бойынша 4 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Ал 3 әлеуметтік нысанда реконструкция жұмыстары жүргізілген. Облыстық деңгейде 21 жоба атқарылса, аудан көлемінде 3 жоба орындалған.
Әсіресе аймақ меценаттары спорт, денсаулық, білім салаларына көбірек қаржы аударып келеді. Қазіргі таңда аймақтағы әрбір елдімекенде спорт кешені, балалардың ойын алаңдары, мектептерде арнайы кабинеттер мен материалдық-техникалық базаны жаңарту, аудандық тарихи-өлкетану мұражайларын жаңа экспонаттармен толықтыру, жөндеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштер салу секілді шаралар атқарылуда.
Биылғы жылы да «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 100-ден астам жоба мен түрлі деңгейде шаралар өткізілді. 10 миллиардтан астам қаржыға 19 түрлі әлеуметтік нысан салынды. Қайта және күрделі жөндеуден өткен 14 нысан ел игілігі үшін қызмет көрсетуде.
Айта кетуіміз керек, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Мектебіме тағзым» акциясы аясында аймақтағы 60-қа жуық мектепке әр жылдағы түлектер 44 миллион теңгенің көлемінде түрлі тарту жасады. Мәселен, Қазалы ауданындағы бірнеше мектепке музыкалық аппаратура, ойын алаңдары мен саябақтар, Жаңақорған ауданында бірнеше мектепке патриоттық бұрыштар, арнайы кабинеттер ашылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мәдени мұраны зерттеу, қайта қалпына келтіру, жаңарту, әлемдік деңгейде байланыс орнатуды мақсат ете отырып, жас ұрпақтың бәсекелік қабілетін арттыруда, қоғамдық сананың ашықтығын дамытуды көздейді. Сондай-ақ «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны», «Іскер азамат – ел тірегі», «Өзгерісті өзіңнен баста» атты кіші бағдарламалар аясында бірнеше республикалық жобалар жүзеге асырылуда.
«Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» жобасы меценаттарды, бизнес өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді, белсенді азаматтардың тәжірибесін тарату, олардың мәртебесін көтеріп марапаттауды мақсат етеді. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда кез келген әлеуметтік мәселеге билік немесе әкімді жауапты санайтындар жиі кездеседі. Шын мәнінде жайлы өмірді жасау – өз қолымызда. Мәселен, Ерболат бала күнінде спортпен айналысқысы келді. Оған ауылда ешқандай мүмкіндік болмады. Тіпті ауданда жаттығу залы бар-жоғын да білмеді.
Оқуын бітіріп, диплом алып, ауылға келіп, еңбек етті. Ауыл балаларын көріп, бала күнгі арманы есіне түсті. Достарымен бірлесіп, шағын ғана жаттығу залын соғып алайық деп келіседі. Ауылдың ортасында бос жатқан алаңқайды сұрастырып, құрылыс жұмыстарын бастайды. Қаржы тапшылығынан құрылыс тоқтап қалады. Достарымен бастаған ісін аяқтауға бекінгенде ауыл әкімі спорт кешенін соғуға кеңес береді.
Не керек, аз ғана уақыттың ішінде «Алғабас» ауылында еңселі спорт кешені бой көтереді. Қазіргі таңда «Машрап ата» спорт кешенінде 300-ге жуық ауыл балалары әр түрлі спорт түрлерімен айналысады. Сабақтан босаған сәтте ұялы телефонды әурелеп, бос жататын оқушы аз. Спорт кешеніне барып, тегін үйірмелерге қатысады. Тіпті аз ғана уақытта 20-ға жуық бала әр түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі оралса, енді бірі республикалық сайысқа жолдама алған. Міне, бір адамның арманы орындалып, жүздеген баланың қиялына қанат бітірді. Осы мысалдың өзі – кез келген мәселені бірлесіп шешудің нақты көрінісі. Дәл осындай туған өлкенің әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді атсалысып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып жүрген жандар қаншама?! Тек жанашыр азаматтарға лайықты құрмет көрсетілмей келеді.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «қыруар істі атқарған, ел дамуына үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр», - деген болатын. Ендеше халқына жанашыр тұлғаларды дәріптеп, олардың еңбегіне құрмет көрсетіп, жас ұрпаққа кеңінен насихаттауымыз қажет.
«Жомарт жүрек» жобасы маңызды қоғамдық бастамаларды көтеріп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық және басқа да салалардағы маңызды жобаларды нәтижелі атқарған жанашыр азаматтар мен ұжымдарды марапаттайды. Салтанатты марапаттау аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өткізіледі. Біздің облыста марапаттаудың алғашқы кезеңі Арал ауданынан басталды.
«Жомарт жүрек» байқауына қатысушы аймақтағы қайырымдылық және қоғамдық пайдалы әлеуметтік қызметтерді жүзеге асыруы тиіс. Ең бастысы, қатысушының немесе байқауға ұсынылған азамат өз өлкесінің дамуына қайтарымсыз қаржы құюы қажет. Сайысқа коммерциялық табыс табуды, ғибадат ғимараттарын салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік және кәсіби мерекелерді өткізуге демеушілік көмек көрсеткен жеке азаматтар мен заңды тұлғалар қатыса алмайды.
«Жомарт жүрек» байқауына өтінімді жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ олармен өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсына алады. Айта кетейік, аудандық, қалалық марапаттау рәсімі 5 шілде мен 10 тамыз аралығында, ал облыстық салтанатты марапаттау қазан айында өткізіледі. Облыстық байқаудың лауреаттары республикалық байқаудың номинанттары болып табылады. Республикалық деңгейдегі іріктеу онлайн-дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған «Жомарт жүрек» сыйлығының кемінде 50 лауреаты айқындалады.
«Жомарт жүрек» сыйлығы «Туған өлке», «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» атты номинациялар бойынша марапатталады.
Түсінікті болу үшін тарқата кетсек, «Туған өлке» номинациясы елдімекендерді абаттандыруға, демалыс бақтары мен аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын реконструкциялауға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көрсетіп, ауқымды әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін беріледі.
«Жыл меценаты» номинациясымен туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткен тұлғалар марапатталады.
Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық жасағаны үшін «Жыл тұлғасы», әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды, акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізгені, қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасағаны үшін «Жылдың үздік ұйымы», волонтерлік қызметкер белсене араласқаны үшін «Ерен еріктілік» номинациялары беріледі.
«Жомарт жүрек» байқауына қатысушылардың өтінімдері мен оларға қойылатын талаптар туралы облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімінен толық ақпарат алуға болады.
Сыр өңірі – ата дәстүрінен айнымаған, салтына берік, ұлттық құндылықтарды қадір тұтатын қасиетті өлке. Осынау өлкеде ел мүддесін өзінен биік қоятын, атамекеннің абыройын асырып жүрген азаматтар жетерлік. Ендеше қапы қалмай, «Жомарт жүрек» байқауына ұсыныс білдіріп, нағыз жанашырларды таңдауға асығайық. Өйткені жұрт ықыласына бөленгендер қашан да да құрметке лайық.
Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру»
орталығының бөлім басшысы