«ЖАСЫЛ» ТЕХНОЛОГИЯЛАР: БИЗНЕСТІ ЫНТАЛАНДЫРУ МАҢЫЗДЫ
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту керектігін ұдайы айтып келеді.
Мәселен, биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту бағытында «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керектігін тапсырды.
Естеріңізде болса, Елбасы Жарлығымен 2013 жылы Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдама жаңа тұрпаттағы экономикаға көшу кезеңінде терең жүйелі жаңартуларға негіз қалады. Тұжырымдаманың негізгі индикаторларының бірі – 2030 жылға қарай өңделген қалдықтардың үлесін 40%-ке дейін жеткізу.
Осы ретте биылғы Жолдауда да шағын және орта кәсіпкерлерді тарта отырып, қалдықтарды кәдеге жарату, қайта өңдеу және жою саласын дамытуға болатыны айтылып өтті. Бұл – экологиялық заңнама саласында тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай кәдеге жарату және жоюда елеулі жаңалық болмақ. Осы арқылы шетелдік және отандық инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін тартымды инвестициялық ахуал жасауға жол ашылады.
Қазіргі таңда өңірімізде жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті жұмыстар басталып кетті. Облыстағы бизнес субъектілерін бұл іске кеңінен тарту назарда тұр. Осылайша, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай кәдеге жарату және қайта өңдеуде кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетілуде.
Бүгінгі күні өңір кәсіпкерлері тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге асырып, онан шатыр жамылғысын (черепица) және жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніштер (брусчатка) жасап шығаруда. Бұған қоса, қаламыздың Рисмаш шағын ауданындағы «Smart Rubber» ЖШС автокөліктердің жарамсыз дөңгелектерінен резеңке ұнтақтары мен тамшылатып суаруға арналған түтіктерді өндіруде. Жергілікті өнімді астаналық компаниялар сатып алып, елордамыздың көркейту-көгалдандыру, абаттандыру ісіне Қызылордада жасалған жерасты тамшылатып суғару түтіктерін кеңінен пайдалануда.
Бастысы, мемлекеттік пен жекеменшік әріптестік аясында облыс орталығында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені және полигон құрылысын салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, қалдықтарды басқару мәселесін кезеңкезеңімен шешіп келеміз. Осы ретте, полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру мақсатында облыстық қазынадан қалалық полигон құрылысына қаржы үнемі бөлінуде.
Елбасы өз Жолдауында жоғарыда айтқанымыздай, «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды екенін атап өтті. «Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек. Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді», делінген Елбасы Жолдауында.