Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » САЙЛЕНТБЛОК КЕРЕК БОЛСА ОҢТАЛАПТЫ ІЗДЕ

САЙЛЕНТБЛОК КЕРЕК БОЛСА ОҢТАЛАПТЫ ІЗДЕ

Қазір көлігіңіз бұзылып, базарға бара қалсаңыз автобөлшектердің барлығы дерлік көршілес Қытайдан әкелінген. Ал олардың ұзаққа шыдас бермейтіні мәлім. «Енді қайтпек керек?» деген сауалды қазалылық кәсіпкердің шешкені бізді қайран қалдырды.
Ауылдастарының айтуынша, Оңталап автокөліктерге қажетті бөлшектерді шы¬ға¬руды осыдан бірнеше жыл бұрын бастапты. Әрине, мұны түсімізде көретін инновациялық жаңалыққа жатқызбаспыз, дегенмен мұнда жаңашылдық жоқ деп те айта алмаймыз. Өйткені, ауылдастары Оңталаптың өніміне сұраныспен жиі шығады. Бастысы, жуырда жас жігіттің сайлентблок шығаруға арналған жобасы мемлекеттік грантты жеңіп алды.
Былайғы жұрт сенер-сенбес, арнайы қондырғының көмегімен жасалатын бұл дүниені өнерлі жігіт өз үйінің гаражында жасап жатыр. Сайлентблокққа қажетті шикізатты Оңталап өзгеден сатып та алмайды. Жарамсыз, ескі дүниені кәдеге жаратады. Бұл дегеніңіз жапондар айта беретін қалдықсыз технологияның нақ өзі!
Сонымен, ауылда не көп, түрлі маркалы ауылшаруашылығы техникаларының ескі доңғалақтары көп. Бірді екі етемін деген жан жоқтан бар жасап, ескіні де кәдеге асырып, ел ықыласына бөленуде. Нақыталап айтсақ, іскер азамат сұраныстағы қосалқы бөлшекті “К-700”, “Т-150” маркалы алып тракторлардың жарамсыз дөңгелектерінен дайындайды.
Батыр ауылында туып, еңбекке ерте араласқан Оңталап Орынбасарұлының негізгі мамандығы – есепші. Кешегі Кеңес тұсында әкесі ауылда автокөлік жүргізушісі болыпты. Жасынан әкесіне қолқанат болып өскен бала қазір кез келген техниканы жөндей беретін дәрежеде.
Бұл әуелде өз ауылдастарының, сырттан арнайы іздеп келетін жүргізушілердің көліктерін жөндеп жүрді. Сәттілік дегенді қойсаңызшы, бірде Оңталап Алматыға шаруа жайымен бара қалады. Сапар барысында оған осындағы сайлентблок шығаратын цехтағы мамандармен сөйлесуінің орайы түседі. Қаржысына келіскен соң, біршама уақыт аталған бөлшекті жасаудың қыр-сырына қанығып, қағылез жігіт оны дереу үйреніп алады.
Ауылға оралған соң тәуекелге бел буып, өз бетімен сайлентблок шығаруға бекінді. Алайда, ойға алғанына жету үшін көптеген қиындықтарға тап келді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей ізденді, ақыры тығырықтан шығатын жол табылды.
Мақсаткер жан алдымен өзіне қажетті 380 вольттық ток шығаратын мотор, қиюға, тесуге қажетті қондырғы сатып алады. Сонан соң өзіне қажетті шикізат қорын жасақтады.
Осылайша өнертапқыш шебер өз ісін бастап кетеді. Ең қуаныштысы, мемлекет тарапынан қолдау көргені, жуырда ол “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа ие болды. Осылайша, қайтарымсыз 1 млн. теңгеге қол жеткізді. Енді осы қаражатқа өзінің жұмысын жеңілдететін тағы да озық үлгідегі бір қондырғы алмақшы. Сол кезде жұмыстың өнімділігі артып, бір адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.
Оңталаптың сапалы сайлентблоктарын көліктеріне орнатқан жүргізушілердің шеберге айтар алғысы шексіз.Өйткені, базардағы толып тұрған қытайдың автобөлшектеріне қарағанда қолдан жасалған заттың сапасы жоғары. Сондықтан да ол ұзақ мерзімге жарайды.
– Бүгінгі күні базардан іздеген зәру мүлкіңді табуға болады. Сөрелердегі самсаған автобөлшектердің ішінен қалағаныңды аласың. Бірақ барлығын сапалы дей алмаймыз. Бір жолы көлігіме қажетті сайлентблоктарды сатып алып, тиісті ақшасын төлеп мамандарға салдырғанмын. Көп уақыт өтпей-ақ оны ауыстыруыма тура келді. Содан таныстарымнан Оңталаптың осындай бөлшекті қолдан жасап жатқанын естіп, арнайы іздеп бардым. Сапасы жоғары сайлентблоктар көңілімнен шықты. Бағасы да қолжетімді әрі өзі ауыстырып береді, – дейді С.Әкімжанұлы.
Шындығында да бұл азаматтың сөзінің жаны бар. Себебі, дәл осындай пікірлерді бірнеше жүргізушілерден естідік. Кәсіп жайын тілге тиек еткен Оңталап:
– Жасыратыны жоқ, менің қызметімді пайдаланатындардың қарасы қалың. Тіпті, Байқоңыр қаласынан іздеп келетіндер қатары көбеюде. Себебі, ондағы көліктердің автобөлшектері жақын жерден табыла бермейді. Берісі Алматыдан, әрісін шет елдерден әкелуге тура келеді. Әрі бағасы да қымбат. Сондықтан маған келіп, сайлентблоктар жасатып, машиналарына орнатып жатады. Ал менде қатып қалған баға жоқ, – дейді.
Оңталап кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Нақты кезеңде ол белгілі бір мөлшердегі сайлентблоктарды ғана жасайды. Ал, үлкен көлемдегі сайлентблоктарға тапсырыс берушілердің саны күннен-күнге артып келеді. Сұранысты өтеу үшін полиуретандық сайлентблок жасайтын аппарат сатып алу қажет.
Иә, бүгінгі таңда техниканың тілін білген адам жұмыссыз қалмайды. Оны жаңалыққа жаны құмар, еңбекқор жігіт шеберлігімен дәлелдеп жүр.

Р.АРЫСТАНБАЙ


29 шілде 2018 ж. 529 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области