МЕНТОРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ?
«Zhas project» жобасының менторы, Гәуһар ОМАРОВА: – Бүгінде «ментор» ұғымы кәсіби жандардың арасында танымалдылыққа ие. Жаңа термин сөз көпке де түсінікті болсын деген ниетпен «Zhas project» жобасының менторы Гәуһар Омаровамен ментордың қызметі мен міндеті жайында әңгімелескен едік.
Ауызекі тілде айтсақ, ментор – стартап жоба жетекшісіне ақысыз көмектесетін, кәсіби мақсатына жетелейтін адам. Кәсіпті алғашқы сәтінен бастап дөңгелету – кез-келгеннің қолынан келмейді. Ол – биік мақсаттың, тынымсыз еңбектің, білімге деген құштарлық пен мол тәжірибенің көмегімен бағынатын қамал. Әлемге танымал LinkedIn желісінің негізін қалаушы Рид Хоффман: «Стартапты бастау – өзіңді құздан лақтырып, сол уақытта сынған ұшақты құрастырумен бірдей» дегені бар.
Қандай адам ментор бола алады?
«Zhas project» жобасының менторы ретінде Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұратын қоғамдық ұйым өкілі, әлеуметтік қызметкер, бизнес-кеңесші және кәсіпкерлер қатысады. Бұл бағдарлама жастарды кәсіп ашуға үйрету және ментор мен жобаға қатысушы арасында ең бастысы сенім мен сыйластық қағидасына негізделген.
Міндеті қандай?
Біріншіден, қатысушыларға айына бір рет сабақ өткізуі керек. Екіншіден, олармен әрдайым байланыста болу. Үшіншіден, бағдарламаның ғаламтордағы веб-порталына атқарылған жұмыс нәтижесін жүктеп отыру. Жұмыс уақытына келсек, ментор 3 күндік тренингтен өткеннен кейін бағдарламаға алты ай бойы қатысады.
Ментордың қажеті бар ма?
АҚШ-тың Еndeavor компаниясы жуырда Нью-Йорктегі стартап жоба жетекшілерінің арасында тәжірибе жүргізді. Олар мың стартап жобаны зерттеп, нәтижесінде соңғы 10 жылда Нью-Йорктегі табысты компанияның 30 пайызымен ментор жұмыс істегенін анықтады. Мәселен, Стив Джобс өмірден озған кезде, Марк Цукерберг оны өзінің менторы болғанын айтты.
Дана қазақта «ұстазы бардың ұстамы жақсы» деген аталы сөз бар. Демек, бұл халқымыздың даналығы бүгін күні де өзектілігін жоғалтпаған деген сөз.