ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КІТАП КӨРМЕСІ
Бүгін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Өрлей бер, гүлдене бер, туған қалам!» атты кітап көрмесі ашылды. Көрме туған қаламыз Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына арналды.
Кітап көрмесінің ашылуына зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жастар, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Көрмеге Қызылорда қаласының сан ғасырлық тарихын шежіредей шертетін «Сыр өңірінің тарихы», «Дария жағасындағы қала», «Алаштың Ақмешіті», «Қызылорда», «Қызылорда Астана болғанда», «Сыр ескерткіштері» атты кітаптарымен қатар, ежелгі Сыр бойында өмір сүрген данышпан ойшыл Қорқыт баба, Жалаңтөс Баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа, Бұқарбай, Тоғанас батырлар, қазақтың біртуар ұлдары Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаев, ғұлама шайыр Тұрмағамбет пен ақын Нартай, тамаша халық жазушылары Ә.Тәжібаев пен Қалтай Мұхамеджанов, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев және тағы басқа да көптеген дарынды перзенттер туралы кітаптар қойылды.
Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлының Қызылорданың өткені мен бүгінгі жарқын тыныс-тіршілігінен сыр шертетін («Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен шыққан) «Қызылорда» атты кітабы мен «Сыр бойы» энциклопедиясы көрме ажарын айшықтай түсті.
Бұған қоса, облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларын қамтитын түрлі еңбектер мен көптеген оқу орындарының іргетасы қаланып, мәдени және өнер ғимараттары, әсем де сәнді тұрғын үйлер бой көтерген Сырдың бас қаласы – Қызылорданың әр кезеңінен сыр шертетін фотосуретер қойылды.