ТАУАР НАРЫҚТАРЫНДА БАҒАНЫҢ НЕГІЗСІЗ ӨСУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕҢІЗ!
Биылғы жылдың тамыз айының жағдайы бойынша Қазақстан теңгесі АҚШ долларына шаққанда 3,6 пайызға құнсызданды. Бүгінгі күні доллар бағамының өсуі жалғасуда.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының тауар нарықтарында жеке нарық субъектілері тарапынан тиісті тауарлар, соның ішінде отандық өндіріс бағаларын жасанды көтеруге бағытталған әр түрлі алыпсатарлық іс-әрекеттері болуы мүмкін.
Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен тергеуді бастауға нарық субъектілерінің мынадай үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактілері алып келуі мүмкін:
-монополиялық жоғары (төмен) бағаларды белгiлеу, ұстап тұру;
-өндiру немесе беру мүмкiндiгi болған кезде тұтынушылардың, нарық субъектілерінің сұранысы немесе тапсырыстары бар тауарларды өндiру және (немесе) беру көлемдерiн негiзсiз қысқарту немесе өндiруді және (немесе) беруді тоқтату;
-егер тауардың бағасын көтеру тауарды алып қоюдың нәтижесi болып табылса, тауарды айналыстан алып қою (Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174 бабы).
Сондай-ақ, бәсекелестікке қарсы келісімдер және (немесе) келісілген іс-әрекеттер фактілері:
-тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа да жағдайларын белгілеу және (немесе) ұстап тұру;
- тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеу (Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 169, 170 баптары).
Мұндай іс-әрекеттерді жасау ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 159-бабында монополиялық табысты тәркілей отырып, 3 пайыздан 5 пайызға дейін айналым айыппұлын салу әкімшілік жауапкершілігі көзделген.
Аталған департамент осы фактілер бойынша ҚР бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуына тергеу жүргізуді және тиісті ден қою шараларын қабылдауды болдырмас үшін нарық субъектілерін өз қызметтерін жүзеге асыру барысында қатаң түрде қолданыстағы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүргізу қажет екендігін ескертеді.
Қазақстан Республикасы
Табиғи монополияларды реттеу,
бәсекелестікті және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау комитетінің
Қызылорда облысы бойынша департаменті