ҚАРМАҚШЫДА «ТАУ ТҰЛҒА –ТҰРЫМБЕТ ЖЫРАУ» МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ
Қармақшы ауданы Жосалы кенті орталығындағы Ш. Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде халық ақыны, атақты жырау Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті.
Айта кетейік, жырау Тұрымбеттің атақ-даңқы заманында Сыр бойынан тыс жерлерге де мәлім болған. Шайыр өсиет, терме, тақпақ, айтыс, толғау, тойбастар, сынау сөздер айтуға өте шебер болыпты.
Репертауары аса бай Тұрымбет жырау Арқа жаққа, тіпті Түркіменстан мен Өзбекстан жағына барып, айлап жыр жырлаған деседі. Мысалы, ол «Зинарат қыз», «Әмірі – Ұрлықа», «Әуезхан», «Ақтам» сияқты көп жыршы-жыраулар біле бермейтін, ұзақ әрі қызық сюжетті қисса, дастандарды ел арасында бірден-бір таратушы жырау ретінде қалың елге құрметті, сыйлы болған.
Республикалық ғылыми-танымдық конференцияны Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов ашты. Ал оның алқа мәжілісін аудандық мәслихаттың хатшысы Марат Наятұлы жүргізіп отырды.
Аудан әкімі халықтың мінезін айшықтайтын киелі сөз иесі Тұрымбет Салқымбайұлының рухани шығармашылық мол мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіру бағытында және тұғырлы тұлғаның мерейтойы қарсаңында ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Ал «Нұр Отан» париясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес аудан халқын жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілі, Алаш жұртына «Бала жырау» атағымен кең танылған Тұрымбет жырау Салқынбайұлының 150 жылдығы мейтоймен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Мұнан кейін баяндамалар оқылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығының лауреаты Темірхан Тебегенов жырау шығармашылығындағы философиялық-ойшылдық бағытын талдап, жырау мұрасының зерттеле беретінін жеткізді.
Соңында еліміздің рухани мәдени дамуына үлес қосқаны үшін бір топ азамат Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталды.
А. ҚОЗЫБАҚОВ,
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы