ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 10 ЖЫЛ ІШІНДЕ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ 22 ЕСЕГЕ АРТТЫ
10 жыл ішінде Қызылорда облысында үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру 22 есеге ұлғайып, қоғамдық ұйымдардың саны 150-ден 1000-ға дейін артты. Бұл жайлы облыс әкімі Қ.Көшербаев «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог, Ынтымақтастық, Жауапкершілік» VIIІ Азаматтық форумында мәлімдеді.
Облыс әкімі атап өткендей, аймақтың үкіметтік емес ұйымдары қоғамның ажырамас бір бөлшегіне айналып отыр.
«Мүмкіндіктері мол, кәсіби білігі мен ұстанымы биік үкіметтік емес ұйымдар – елдің қуатын арттыратын, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтетін аса маңызды қоғамдық институт. Сол себепті, еліміздегі азаматтық бастамаларға қолдау және жан-жақты көмек көрсетіледі. Нақты цифрларға келсек, осыдан он жыл бұрын облыстағы қоғамдық ұйымдар саны 150 ғана болса, қазір бір мыңға жуықтады. 2009 жылы үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына 45 млн. теңге бөлінсе, қаржы көлемі 22 есе өсіп, биыл 1 млрд. теңгеге жетті», - дей келе облыс әкімі Мемлекеттік басшысының саясатын жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс істеуге және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Форум барысында аймақ басшысы ҮЕҰ-дың басшылары мен белсенді мүшелерін алғыс хатпен марапаттады.
Сондай-ақ, облыстың қоғамдық бірлестік басшылары сөз сөйлеп, аймақтағы азаматтық бастамаларды дамыту және қолдау туралы өз ұсыныстарын айтты.
2017 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы ҮЕҰ қызметін қаржыландыру бойынша республикада Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі үшінші орынға ие болды. Бұдан басқа, аймақта Үкіметтік емес ұйымдарды бюджеттен тыс көздерден қаржыландыру шаралары қабылданып, «Дағдарыс жағдайына тап болған балалар мен аналарға арналған әлеуметтік қонақ үй» жобасы іске асырылуда.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар арқылы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт пен кәсіпкерлік салаларын дамытуға бағытталған, жастар саясатын жетілдіруге арналған жүздеген жобалар жүзеге асуда. Мысалы, мүгедектердің ақпараттық технологиялық сауаттылығын көтеру, электронды әкімдік бағдарламасын қолдануды үйрету, «Инватакси» әлеуметтік жобалары және «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мен «Еңбек династияларының» форумы бес жыл көлемінде өткізіліп, халықтың ықыласына бөленген ауқымды әлеуметтік жобаға айналды.