КАДР ҚЫЗМЕТІНІҢ ПРОБЛЕМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен мемлекеттік органдардың кадр қызметінің қызметкерлері үшін мемлекеттік қызмет өткеру мәселелері бойынша семинар өтті.
Кадр қызметінің негізгі проблемалық мәселелері, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалар бойынша түсіндірмелермен мемлекеттік қызмет басқармасының қызметкерлері сөз сөйледі.
Сонымен қатар, семинар барысында департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасымен жүргізілген талдау нәтижесі талқыланды.
Атап айтқанда, талдау нәтижесінде агенттік төрағасының бұйрығымен бекітілген қағидалардың талаптары бұзылғандығы анықталды. Осыған сәйкес, жергілікті атқарушы органда қызмет атқаратын 13 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 230 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Семинар барысында департаменттің бас маманы Б.Нұралымен сынақ мерзімінен өту және тәлімгерлерді бекіту мәселелері, сынақ мерзімінен өтуші мемлекеттік қызметшілер үшін бейімделу жоспарын қалай дұрыс әзірлеу керек екендігі, кадр мониторингі бойынша тоқсандық есептілікті қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалаудың үлгілік әдістемесі бойынша түсіндірмелер берілді.
Түсіндірмелерден кейін, қатысушылар кадр қызметтерінің негізгі проблемалық мәселелерін талқылады.