«Digital media: мүмкіндіктер және тәжірибе» атты семинар өтті
Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылдан бері іске қосылды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда цифрландыру барлық салада қарқынды дамып, ақпарат кеңістігінде цифрлық технология мүмкіндіктерін пайдаланудың алғашқы жетістіктері байқалады.
Осыған орай, Қызылордада «Digital media: мүмкіндіктер және тәжірибе» атты семинар өтті. Цифрлық медианың бүгінгі мүмкіндіктері мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланған шарада Қазақстан ақпарат кеңістігіндегі алғашқы цифрлық «ULYS» журналының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Семинарға қатысқан Қазақстандағы алғашқы цифрлық «ULYS» журналының шығарушылары Ержан Қалымбай мен Болат Әскерұлы қазіргі таңда цифрлық медиа, кейбір жаңа бағдарламаларды салаға енгізу, код жазу, ақпарат дәуірінде бәсекеге қабілетті медиа жасауға байланысты дәрістер оқиды.
Жиынға облыстық басқармалар мен қалалық, аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары, қызметкерлері, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының студенттері қатысып, қатысушылар қонақтарға бұқаралық ақпарат құралдарындағы цифрландыру мәселелері бойынша көкейтесті сұрақтарын қойды.