ҚЫЗЫЛОРДАДА 507 ЖҰМЫССЫЗ ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСТАРЫНАН ӨТУДЕ
Кәсіпкерлер палатасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді оқыту шарасын жалғастыруда. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Қысқа мерзімді курстар оқу орталықтары мен кәсіпорындар жанында ашылған оқу орталықтарында ұйымдастырылуда.
Атап айтқанда, бүгінгі таңда «Бест», «РАИМ», «Қарлығаш» Шеберлер орталығы» ЖШС мен жеке кәсіпкер «Тоқбердиев», «Қуанбаева», «Хабиби салоны» жанындағы оқу орталықтарында 507 жұмыссыз азамат білім алуда. 155 азамат оқуларын аяқтап, мамандық иесі атанды.
Жеке кәсіпкер Гүлжан Қуанбаева оқу орталығында 20 қызылордалық курстан өткен.
Гүлжан мектеп қабырғасынан бастап, тігіншілік өнерді жанына серік еткен жан. Ол жастайынан өзіне ұнаған киімдерді өзі пішіп, өзі тігіпті. Онжылдықты аяқтан соң, қалаған мамандығы бойынша білім алып, сүйікті кәсібімен айналысады. Осы кәсіппен айналысқанына 25 жылдан астам уақыт болған Гүлжан бүгінде белгілі ісмер. Өзінің жеке тігін шеберханасы бар. Екі адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіп иесі қазір жастарға өз білгенін үйретуден еш жалықпайды.
Бізде қыздар тігінші мамандығын оқыды. Бұл бағдарлама жұмыссыздықты жоюда ерекше рөл атқаратын жақсы бағдарлама. Бағдарлама өз кәсібін бастаймын деген азаматтарға да септігін тигізіп жатқандығын көріп отырмыз. Біздің орталықтан білім алған қыздар да болашақта жеке кәсібін ашып, өзіне де қоғамға да пайдасын тигізеді деген сенімдемін, - дейді Гүлжан Қуанбаева.
Бүгінде бұл мамандыққа сұраныс та жоғары. Оқу орталығында келген Жанар Ақшанованың алғашқы мамандығы – экономист. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, біраз уақыт жұмыссыз жүрді. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып жатқанын естіген ол, тағы да өз білімін жетілдіруді, жаңа мамандықты игеруді жөн санайды.
Жұмыспен қамту орталығына келгенімде осы бағдарлама туралы естіп-білдім. Бағдарлама аясында екінші мамандық алумен қатар оқу барысында шәкіртақы да төленеді екен. Бағдарлама жұмыссыз жүрген азаматтардың өз кәсібін ашуына немесе жұмыс табуына мүмкіндік беруімен де құнды. Бізге мұндай жағдай жасаған Кәсіпкерлер палатасына, жұмыспен қамту орталығына және кәсіпкер Гүлжан ханымға айтар алғысым шексіз, - дейді Жанар Ақшанова.