Ұлттық өнердің насихатшысы
«Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ тағдыры ұстаздардың қолында».
ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастырып, дамыту және оған терең білім беру мақсатында көптеген білім беру технологиялары ұсынылуда. Халықтық педагогика жаңалық та, ғылым да емес, ежелден халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан тәлім-тәрбие мектебі. Оны педагогика ғылымы өзіне негіз етіп отыр. Ал, оның оқу-тәрбие процесіне енуі шын мәнінде жаңалық. Ұлттық педагогиканы насихаттауға қай пәннің болса да ыңғайы мен мүмкіншілігі мол. Соның ішінде оқушыны еңбекке баулып, қолөнерге үйрету ұстаздың негізгі міндеті.
Сондай ұстаздың бірі, шығармашылық иесі – Гауһар Әлиева. Ол Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейде шәкірттерге технология пәнінен сабақ береді. Жас та болса кілем тоқу өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырып келе жатқан маман айтулы өнерге шәкірт баулып, шығармашылығын шыңдауда. Жас гобеленшінің шебер қолынан өнген көптеген жұмысы көрме-байқауда жүлделі орыннан көрінуде.
– Қазақ халқының іскерлік қолөнері негізінен үй кәсібі түрінде дамыған деп айта аламыз. Көшпелі тұрмыстың қажетіне байланысты қолөнер шеберлері мал шаруашылығына қажетті шылбыр, ноқта, жүген, шідер, кісен, ер-тұрман жасаумен шұғылданған. Сазбалшықтан, ағаштан, теріден ыдыс-аяқтар, сүйектен, металдан, мал және аң терісінен нақышты мүліктер, домбыра, қобыз, сыбызғы, дауылпаз сияқты саз аспаптарын жасаған. Қазақ халқының қолөнері ішінде киіз үйдің кереге, уық, шаңырағын жасау, тоқымашылық, термешілікпен айналысу кеңінен өріс алғаны мәлім. Ата-бабамыздан ұрпаққа мирас болған киелі өнер бүгінде өз жалғасын табуда. Білім шаңырағында оқушылар кесте тігуге, бастырмалы, ойма әдіспен бұйымдар жасауға, құрақ тігуге, кілем тоқуға үйренеді. Қолданбалы өнерге бет бұру кезінде тек ою-өрнек салумен шектелмейді. Математикалық ой мен есепке де баланы жүйрік етеді. Одан қалды білім алушыны еңбекке, әсемдікке, ұлтының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеуге, дәстүрін жалғастыруға септігін тигізеді, – дейді пән мұғалімі.
Кілем – сәндік тоқыма жиһазына жатады. Қазіргі заман интерьері білімділікті, бейімділікті, кәсіби шеберлікті, ерекше стильді талап етеді. Кілемнің алғашқы түрлері Алтай тауы маңындағы қола дәуірге жататын Пазырақ, Нойын-Ушнек қорғанынан табылған. Кілемді машинамен тоқу шамамен 1825 жылы Еуропада Франс Жаккардтың өрнекті мата және кілем тоқуға арналған машина ойлап табуының негізінде пайда болған деп көрсетеді ұлттық энциклопедияда. Қазақ кілемінің ежелгі төркіні байырғы сақ, үйсін, ғұн өнері мұраларына саяды деген де дерек бар. Кілем бетіндегі сан қилы сәнді өрнектерге зер сала қарасаңыз, тұнып тұрған халық өмірінің шежіресін көргендей боласыз. Ол, сірә тарихи ескерткіш сияқты, бір кезде өмір сүрген халықтың тұрмысы, олардың қандай іспен айналысқандығы жайлы көптеген маңызды дүниелер кілем бетінде баяндалады. Осындай адамның табиғатпен, дарқан даланың әсемдігін кілем бетіне түсіріп, оған жан бітіріп жүрген Гауһарды құрбылары «гобиленші қыз» атайды.
– Гобелен тоқылу технологиясы жағынан күрделі өнер. Былай айтқанда, қолдан тоқылған түксіз суретті кілем. Ол алаша, кілеммен салыстырғанда керегеге ілетін кар- тина, панно саналады. Ол алғашында Египетте пайда болған. 1662 жылы Сан-Марсельде париждік отбасы Гобеленовтердің сюжетті-өрнекті композициялары «гобелен» атауымен халыққа танымал болғанды. Уақыт өте келе бұл атау танымалдық үрдіспен өріс алды. Ал, Қазақстанға гобелен ХХ ғасырдың 70-жылдары келді. Оны елімізге бірінші боп талантты суретші Құрал Таныбаев әкелген-ді. Гобеленнің жай кілем мен алашаға қарағанда, жіп түстері сан алуан болып келеді. Айта кетерлігі, кілемде түкті не түксіз өрнектер араласып, сан құбылып отыруында. Тіпті, кейде өрнек жіптері тоқылмай қалатын әдістер де болады. Гобеленде ою-өрнек суреті сирек қолданылады және оның орнына суретке көп мән беріледі. Қазіргі заманғы гобеленнің тоқылу техникасы да, пайдаланылатын материалдарының да ауқымы өте үлкен. Жаңаша стильде гобелен тоқуда қолданылатын материалда қазір шек жоқ. Өз тәжірибемде түкті кілемнің тоқу мәнеріндегідей әдісті қолдана отырып, түктерді кейбір жерлерде 10-15 мм-дей ұзындықта қалдырып, кей жерін тықырлап үйлестірген сәтте шығармама ғажайып рең береді. Гобелен тоқуда сезімталдық керек. Алдымен эскиз жасалып, жіптер таңдалады. Жіпті өңдеу, оған түрлі өң берудің өзі үлкен жұмыс. Мен көбіне ақшыл түсті жіптерді таңдаймын. Өйткені, оны қажет түске бояп, өзгерту оңай. Қазір жеңіл өнеркәсіптің өркендеген тұсы. Неше түрлі химиялық бояулар шығарылуда. Бояудың мұндай түрі тиімді және шаруашылық дүкенінен табу жеңілірек. Жалпы гобелен неғұрлым тығыз тоқылса, ол соғұрлым сапалы шығады. Сондықтан әрбір қатар тоқылған сайын шанышқы сияқты салмағы бар затпен нығыздалғаны абзал. Жіптер домбыра пернесіндегі әуен секілді тербеліп, лирикалық сезім тудыруы қажет. Ұқыпты болмасаң, тоқу барысындағы сәл ғана ауытқу жұмыс аяқталғанда үлкен кемшілікті көрсетіп қояды. Сондықтан әрбір жіптің түсі мен оның орналасу ретін алдын ала сезіне отырып тоқығанда ғана туынды өз мәнінде үлкен шеберлікпен орындалады, – дейді Гауһар.
Кейіпкеріміз ұлттық өнерді ұлықтауда шаршамай-талмай еңбектеніп, осылайша, бала қиялына қанат бітіруде. Ол мамандығын дөп басып дұрыс таңдағанын мақтаныш етеді. Баламен жұмыс жасау оған шығармашылық шабыт сыйлап, биікке көтереді.
С.АҚКІСІ