Жалпыхалықтық диктантқа қанша қызылордалық қатысты?
Латын графикасы бойынша жазылған жалпыхалықтық диктантқа 125 мыңнан астам қызылордалық қатысты.
Елбасының Жарлығына және ҚР Премьер-Министрінің «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес, латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің меңгерілуін жан-жақты қамту мақсатында 14 қараша күні республика бойынша жалпыхалықтық диктант жазылған болатын. Бір мезетте аудиожазбаны тыңдау арқылы жазылған диктантқа Қызылорда облысынан 125096 адам қатысты.
Диктант қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтерді арнайы құрылған жұмыс тобы анықтады. Нәтижесінде диктант жазуға қатысқандардың 29,4 %-ы (36 819 адам) «өте жақсы», 38,9 %-ы (48 661 адам) «жақсы» және 31,7 %-ы (39 616 адам) «қанағаттанарлық» деген баға алды.
Еске сала кетейік, диктант жазудың негізгі мақсаты латын негізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту және жаңа әліпбиге бейімделу болатын.