Бейбіт Атамқұлов ғарышқа ұшырылған жер серіктері туралы айтып берді
АҚШ-тан ұшырылған қазақстандық жер серіктері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, түнгі сағатта 00:32-де АҚШ-тың Калифорния штатында "Falcon SpaceX" зымырантасығышы сәтті ұшырылды. Онда екі қазақстандық жер серігі болды.
"Біз бүгін таңертең ештеңе xабарлаған жоқпыз. Себебі біздің жер серіктеріміз орбитаға шығуы тиіс еді. Қазіргі кезде олар орбитаға сәтті шығып, жұмыс істей бастады. Осы уақытқа дейін біз төрт сигналды қабылдадық. Астана мен Алматыдағы стансаларға сигналдар түсті. Бұдан бөлек, британдық әріптестеріміз де барлық сигналдарды көрді. Бір сөзбен айтқанда, ғарышқа ұшырылған жер серіктеріміз штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - деді Б.Атамқұлов Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұxбатында.
Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жер серіктерін ретке келтіру шаралары атқарылып жатыр. Жоспар бойынша екі аптадан кейін тиісті мәліметтер түсе бастайды.
"Мәселен, екінші жер серігімізде жерді қашықтан түсіру аппаратурасы бар. Одан алғашқы суреттер түсетін болады. Айта кетер жайт, бір жер серігін толығымен отандық инженерлер жинап шықты. Екіншісі британдық әріптестерімізбен бірлесіп шығарылды. Сондықтан осы жер серіктері арқылы біз отандық өнімді сынақтан өткізетін боламыз. Болашақта жерді қашықтан түсіру серігін барынша өзіміз жинаймыз деген жоспар бар", - деп атап көрсетті Б.Атамқұлов.