Қазақстан әйелдерінің бизнестегі белсенділігі артты - ҚР Мемлекеттік хатшысы
Бүгін Астанада «Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясаты: жетістіктер мен перспективалар» тақырыбында халықаралық конференция басталды.
Аталмыш шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 20 жылдығына арналып ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шараға Ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар, бизнес құрылымдар, азаматтық қоғам өкілдері қатысуда.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ұлттық комиссияның 20-жылдығы қызметі барысында Гендерлік теңдік стратегиясы іске асырылғанын еске салды. Гендерлік бағыттағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жүзеге асып жатыр. Барлық мемлекеттік органда гендерлік саясатты іске асыруға жауаптылар анықталды.
«Мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығының бірі - ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту. Қазақстанның отбасылық-гендерлік саясат саласындағы жетістіктері мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және бизнес қауымдастықтарының өзара тиімді іс-әрекеті нәтижесінде мүмкін болды», - деді Әбдіқалықова.
Бүгінде депутаттардың жалпы санының 22 пайызы немесе 34-і әйел.
«Мемлекеттік қызметте 55 пайызға жуық, саяси мемлекеттік қызметшілер арасында 10 пайыздан астам әйел қызмет етеді», - деп нақтылады Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар, қазақстандық әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері артып, бизнес саласындағы белсендігі жоғарылалды. Шағын және орта бизнесте 500 мыңнан аса компанияны әйелдер басқарады. Нәзік жандар барлық жұмыс орындарының үштен бірін құрды.
Гүлшара Әбдіқалықова бүгін конференция барысында айтылған жаңа идеялар, ойлар мен тың ұсыныстар Ұлттық комиссияның одан арғы жұмысында қолданылатынын атап өтті.