БИЫЛ ҰЛТТЫҚ КОНКУРСҚА ҮШ МЫҢДАЙ ОТБАСЫ ҚАТЫСТЫ
ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшелері мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Орталық коммуникациялар қызметінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу сұрақтарына арналған баспасөз конференциясын өткізді.
Оған ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.
Ел тұрғындары 2013 жылдан бері жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде «Отбасы күні» мерекесін атап өтеді. Мемлекет басшысының өкімімен жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы осы атаулы күнге орай мәреге жетеді.
Айта кетейік, аталған конкурс осымен бесінші мәрте өткізілуде. Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен атап өткендей, биыл ұлттық конкурсқа 2952 отбасы қатысқан. Бұл 2014 жылы өткен алғашқы байқаумен салыстырғанда 2,3 есеге көп.
Өзінің бес жылдық тарихында конкурсқа 11993 отбасы қатысса, оның 60% (7172 отбасы) ауылдық жерде тұратын отбасылар. Сондай-ақ, барлық қатысушылардың 37% (4479) көп балалы отбасылар, 18% (2128) жас отбасылар, 17% (2076) еңбек әулеттері және 7% (822) басқа ұлт өкілдері.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова брифингке қатысушыларға конкурстың ақтық сынына шыққан 16 отбасы туралы әңгімелеп берді.
Бүгінгі таңда ұлттық комиссия отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру, балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда әкенің рөлін нығайту мәселесіне қоғамның назарын арттыру, «Рухани Жаңғыру» аясында ұрпақтың білімге құштарлығын ояту сияқты жайттарға ерекше назар аударуда.
Бұл туралы ұлттық комиссияның мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл айтып берді.
«Мерейлі отбасы» конкурсының финалдық кезеңінде жеңімпазды анықтауға СМС-хабарлар арқылы және kaztube.kz сайтында интерактивті дауыс беру арқылы еліміздің барлық азаматтары тікелей қатыса алады. Дауыс беру қорытындысы 2018 жылғы 8 қыркүйекте «Қазақстан» ОКЗ-да өтетін салтанатты жиында жарияланады. Жеңімпазға «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреат атағы беріледі.