Қызылордалық полицейлер жүргізушілерді пара бермеуге үндеді
Қызылордалық полицейлер жүргізушілерді пара беруден бас тартуға шақырды, деп хабарлайды 24 kz.
Акция барысында жол-патрульдік полициясы қызметкерлері көлік жүргізушілеріне жадынамалар таратып, пара алушымен қатар пара берушінің де заң алдында жауап беретіні түсіндірілді.
Ақпараттық парақшада қандайда бір сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылықтар туралы хабар беретін сенім телефоны мен парақорлықтың заң алдындағы жауапкершілігі көрсетілген. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өкілдері полиция қызметіндегі бейнебақылау жүргізу тәртібімен танысты. Айта кетейік, Қызылордада 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай айлық жарияланды.
«Бұл акцияның мақсаты жемқорлықпен күресте барлық мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс жасау керектігін көрсету, полицияның жазалаушы орган емес, халықты қорғайтын, көмек-көрсететін орган екенін жеткізу. Қазіргі таңда мұндай бағыттағы іс-шаралар көп өткізілуде. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптарында балаларға арналған театрландырылған қойылымдар, спектакльдер көрсетіліп, сурет көрмесі ұйымдастырылуда», дейді облыс бойынша МҚІжСЖҚІҚ департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байқожаев.