Мүмкіндігі шектеулі шебердің қолынан шыққан сауыт
Аралдық жас шебер Шайхы-Ислам Мағауияұлы ұстазы Құдайберген Құлманбетовпен бірлесе арнайы шолақ жеңді сауыт жасады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Қазақ ұсталарының қолынан шыққан сауыт-сайман көшпелі тіршілікке ыңғайлы етіп жасалған, оңайлықпен оқ өткізбейтін берік болған. Шайхы-Ислам жасаған сауыт мұражайдың тапсырысымен көрмеге қою үшін дайындалған.
«Ұстазым дайындап берген шығыршықтарды тоқуға жиырма күнге жуық уақыт жұмсадық. Қара күмістен дайындалған, салмағы жеті келі тартатын сауыт 18 мың сақина шығыршықтан құралды. Қазірде сауыт барлық саймандарымен Қазалыдағы мұражайлардың бірінде тұр», – дейді жас шебер.
Халқымыздың ұлттық құндылықтарының құны еш уақытта түскен емес. Керісінше арта беретініне дау жоқ. Десек те, Шайхы-Ислам халық арасында қолөнер бұйымдарына деген сұраныстың төмен екенін де жасырмады.
«Егер шеберлеріміз қолөнерге кішігірім кәсіп ретінде қарайтын болса қуанар едім. Себебі кәсіп бар жерде өнім де көп. Ал өнім көбейген сайын қазақтың қолөнері де кеңінен тарап, дами түсері анық. Өнім көп жерде таңдау да болады. Өзіңіз алып қараңызшы, шеберлеріміз бір-бір кәсіп иелері десек, бәсекелестік пайда болмай ма? Ал бәсекелестік бар жерде сапа да жақсы. Биыл Елбасымыз жариялаған жастар жылында мен осы мәселені ұсынар едім. Мамандық таңдаудың алғышарты мектептегі кәсіби баулу болуы тиіс. Жастар қолынан келетін кәсібін жетілдіріп, оны табыс көзіне айналдырса қандай жақсы», - дейді Шайхы-Ислам Мағауияұлы.