Қызылордада бас бостандығынан айыру жазасы төмендеген
Былтыр Қызылорда қалалық №2 сотымен 760 қылмыстық іс қаралып, 877 адам заң алдында жауап берген, деп хабарлайды «Kyzylorda-news.kz» АА «Qyzylorda» телеарнасына сілтеме жасап.
Өткен жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 пайызға азайған. Сотта жиі қаралатын істердің басым көпшілігі ұрлық, тонау, алаяқтық және жемқорлық сипатындағы қылмыстар болып отыр.
Жылдан-жылға бас бостандығынан айыру жазасының көрсеткіші төмендеп келеді. Мәселен, өткен жылы орташа санаттағы қылмыстық жауапкершілікке тартылған 580 адамның 96 жазасын түзеу колонияларында өтеуге кесілген. Ал басым көпшілігіне бостандығынан шектеу, айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту секілді заңда белгіленген баламалы жазалар жиі қолданылған.
Он адамға қатысты тағылған қылмыстық айыптау толықтай дәлелденбей сот залынан ақталып шыққан. Сондай-ақ 56 жазасын өтеушінің тағайындалған мерзімі қысқартылып, жазасы жеңілдетілген. Жалпы 760 қылмыстық іс бойынша 57 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, оның 44 млн. 696 мың теңгесі өндірілді.
Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істер бойынша 34 тұлға сотты болған.
«Өткен жылы ең көп қаралған мүлікке қатысты іс болды. Қылмыстық істердің 80 пайыздан астамы мүлікті жасырын түрде ұрлау, ашық түрде тонау, алаяқтық санаттары бойынша болып отыр», - дейді қалалық №2 сотының төрағасы Айбек Әбу.