ҚҰРМЕТТІ АТАҚ БЕРІЛДІ
Талдықорған қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды іске асыру аясында ардагерлер кеңестерінің республикалық семинар кеңесі өтті. Оған барлық өңірлердің ардагерлер кеңестерінен өкілдер қатысты.
Семинардың бірінші күні Алматы облысының әкімі А.Баталов қонақтарды Талдықорған қаласының көрікті орындарымен таныстырды. Аға ұрпақ өкілдері дөңгелек үстел басында сананы жаңғырту, туған жерді қастерлеу, жастарды патриотизмге тәрбиелеу туралы ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Осы шарада Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов «Алматы облысының құрметті азаматы» атағымен марапатталды. Мұндай шешімге кезінде Талдықорған, Қызылорда облыстарына басшылық жасаған ардагердің елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға қосқан елеулі үлесі негіз болған.
М.МЕРЕЙ.