Қызылордалық көпбалалы ана шұлық тоқу цехын ашты
Қызылордалық көпбалалы ана Айгүл Мұханбетжанова жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына өз үлесін қосып келеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Осы уақытқа дейін балық сатып отбасын асыраған келіншек «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 25 млн теңге алып, шұлық тоқу цехын ашты. Құрамының 75 пайызы мақтадан иірілген 7 түрлі жіппен тоқылғандықтан, өнім сапасы жоғары. Қытайлық технологиямен жабдықталған цехта күніне 350 жұп шұлық шығарылады. Шикізат негізінен Өзбекстаннан әкелінеді. Цех автоматтандырылған жүйеде жұмыс істегенмен, қол күші де қажет. Арнайы аппараттан жартылай дайын болған шұлықты кептіріп, үтіктейтін 5 маман өндіріс орнында еңбек етеді.
«Бұл аппараттың ішінде 156-144 ине болады. Иненің біреуі сынып қалса, өзі автоматты түрде тоқтатып тастайды», – дейді тігінші Досқали Нұрғазы.