10 ақпан: Оқиғалар мен атаулы күндер
1993 жылы Ресейдің Қорған облысында тұратын қазақтардың құрылтайы өтті. Құрылтайдың арнайы шешімімен «Шаңырақ» атты Қорған қазақтарының мәдени орталығы құрылды.
1995 жылы Алматыда Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті.
1995 жылы Алматыда өткен ТМД елдері Мемлекет басшыларының Кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесінің мәжілісінде ұжымдық қауіпсіздік, ТМД шекара және бітімгершілік күштерін құру туралы мәселе талқыланды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бейбітшілік пен тұрақтылыққа қолдау көрсету туралы меморандум қабылданды. Сол күні өткен президенттер Н.Назарбаев, А.Ақаев және И.Каримовтың кездесуінде Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы үш елдің уағдаластығын жүзеге асыру жөніндегі істің жағдайы талқыланды, үш елдің Мемлекетаралық кеңесі атқару комитетінің есебі, Орталық Азиялық ынтымақтастық және Даму банкі басқармасының және Аралды құтқару халықаралық қоры басшылығының есептері тыңдалды. Орталық Азиялық үш республиканың басшылары Мемлекетаралық кеңес және оның институттары туралы келісімге қол қойып, Қазақстанның, Қырғызстанның және Өзбекстанның Премьер-министрлер кеңесі және Сыртқы істер министрлері кеңесі туралы ережені бекітті.
2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның әскери доктринасы бекітілді. 15 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Үкіметі «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» Қаулы қабылдады.
2006 жылы Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық қоғамдық қор құрылды. Қордың алдына қойған негізгі мақсаты - ақын туралы естеліктерді жарыққа шығарып, жас мұқағалитанушыларды жұртшылыққа таныту. Сондай-ақ, ақын шығармаларын шет тілдеріне аудару.