Қызылордалық полицейлер 5 млн теңге ұрлаған азаматты ұстады
Ағымдағы жылдың 3 қаңтарында Қызылорда қаласының тұрғыны сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың қыркүйек айының 28 күні полицияға қала тұрғынынан үйіне бетперде киген белгісіз азаматтың ұрлыққа түсіп, сейфтегі 5 млн теңге қаражатын ұрлап кеткендігі жөнінде шағым түскен болатын. Жәбірленушінің айтуынша, ұры терезеден кіріп, үй иесінің басынан кірпішпен ұрып, қолын байлап, ақшасын алып кеткен. Орын алған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.
Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде және тергеу барысында күдікті қатарында танылған қала тұрғыны қылмыс жасағанын мойындамады.
Алайда, тергеу барысында жедел уәкілдердің, криминалистің және тергеушінің біріккен жүйелі жұмыстарының нәтижесінде күдіктінің қылмыстық іс-әрекеті арнайы сот сараптамалармен, зерттеу қорытындыларымен толық дәлелденді. Нәтижесінде іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданды.
Сот процесінде күдікті өзі жасаған қылмыстық іс әрекетін мойындап, келтірілген шығынды жәбірленушіге толығымен өндірді.