Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Еңбегімен ер атанған Балдырған Мұстафаева

Еңбегімен ер атанған Балдырған Мұстафаева

Сыр бойы ежелден күрішімен танылып келген бай аймақ. Мұнда күріштен мол өнім жинау жөнінде дүниежүзілік рекорд туды. Күріш өсіру барысында тамаша дәстүрлер қалыптасты.
Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде сақталған жеке тектік қорлардың қатарында Социалистік Еңбек Ері, күрішші Балдырған Мұстафаеваның құжаттары сақталуда.
Балдырған Мұстафаева 1939 жылы Қараөзек станциясы маңындағы «Қараөзек» кеңшарында дүниеге келген. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келді. Ол еңбек жолын Қараөзек бақша өсіру тәжірибе станциясында бастады. 1960-1962 жылдары Қызылорда қаласындағы целлюлоза-картон комбинатында жұмыс істеп, 1962 жылдан бастап «Қазақстанның 50 жылдығы» кеңшарында күрішші болып абройлы еңбек етті.
«Сыр күріші – ел ырысы» дегендей Сырдың бойын күріш өсірудің ірі базасына айналдыру, сөйтіп оның даңқын шығару жөнінде 1964 жылы үлкен серпіліс болды. Бұған басты себеп ардагер күрішші Ыбырай Жақаевтың облыс диқандарына арнап жазған хаты еді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, күріш өсіруде көп тәжірибе жинақтаған Ыбырай Жақаев жастарды Сыр жерінің жомарттығын арттыруға, тарих көріп білмеген күріш тауларын тұрғызуға, Сырдың даңқын бүкіл әлемге паш етуге шақырды. Жақаевшылар қозғалысы Балдырғанды да ізденіске жетеледі, жеңіске ұмтылдырды.
1970 жылы «Шіркейлі» кеңшарына көшіп келіп, 1971 жылы «Құмкөл» учаскесінде 45 гектар күріш егіп, әр гектардан 58 центнерден өнім жинады.
Күндіз-түні атқарған тынымсыз еңбегі, төгілген маңдай тері өз жемісін бере бастады. 1977 жылы күріштің әр гектарынан алғаш рет 103,6 центнерден өнім алды.
Тындырымды, адал Балдырғанға зор сенім көрсетілді. Ол КОКП қатарына қабылданып, облыстық Кеңестің депутаттығына сайланды.
Еңбек еткен жылдар ішінде Қазақстан Коммунистік партиясының ХІҮ,ХҮ съездеріне делегат болып қатысып, сол съездерде екі рет орталық комитетке мүше болып сайланды, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болды.
Сонымен қатар, Балдырған Мұстафаева КСРО Жоғарғы Кеңесінің 13 желтоқсан 1972 жылғы Жарлығымен «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, 1974 жылы Еңбек Қызыл Ту, 1976 жылы Ленин орденімен марапатталды. 12 наурыз 1984 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістігі көрмесінің (ВДНХ) 20 наурыз 1985 жылы алтын, 6 мамыр 1988 жылы күміс медальдарын алды. Ауылшаруашылық өндірісінде көп жылдар бойы жемісті қызмет атқарғаны және қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1989 жылғы 28 ақпандағы Жарлығы бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылды.
1981 жылы 19 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Балдырған Мұстафаева социалистік міндеттемесін орындағаны, сондай-ақ оныншы бесжылдықтың қорытындысы және көп жылдар бойы жемісті еңбегі, өзіне бекітілген күріштің әр гектарынан 103,6 центнерден өнім алғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алып, «Алтын жұлдыз» және Ленин орденімен марапатталды.
Халық Балдырғанның жетістігіне бірге қуанды, мақтанды. Жан-жақтан құттықтау телеграммалар келіп жатты. Осындай құттықтау телеграмма Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтан келді.
«Құрметті Балдырған Мұстафаева жолдас! Сізді отанымыздың ең жоғарғы наградасы - Социалистік Еңбек Ері атағын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Еңбекте зор табыстарға жете беруіңізге, жеке тұрмыста зор денсаулықта, бақытты болуыңызға тілектеспін». Д.А.Қонаев.
КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының бұл жылы лебізі Балдырған үшін үлкен марапаттың жалғасы есепті болды.
1981 жылы Қарақалпақ АКССР «Қараөзек» кеңшарының күрішші қызы Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Амангүл Хожалепесова Балдырғанды социалистік жарысқа шақырып, былай деп хат жолдайды: «Құрметті Балдырған Мұстафаева! Халқымыздың ырысын молайту жолында өзара тәжірибе алмасып, социалистік жарыста жүлделі болу үшін қажырлы еңбек етейік. Елімізге, халқымызға берген уәде үдесінен шығып, ел құрметіне бөленейік, абройлы болайық».
Бұл шақыруға Балдырған өзі еңбек ететін «Шіркейлі» кеңшарының, облыстың табыстарына талдау жасай отырып: «Құрметті Амангүл! Өзіңіз айтқандай қарақалпақ пен қазақ халқы ежелден туысқандық ынтымағы жарасқан ел. Оның ішінде біздің облыс пен Сіздің автономиялы республикаңыздың диқандары көп жылдан бері бір-біріне достық қолын созып, тәжірибе алмасып жүр. Бізден күріш өсіру тәжірибесін үйренсеңіздер,, біздер Сіздердің жүгері өсірудегі озық әдістеріңізді игеріп келеміз. Осы орайда күріш өнімін арттыру жөнінде Сіздің мені социалистік жарысқа қосылуға шақырған инициативаңызды өте жоғары бағалаймын.Сондықтан мен Сіздің бұл шақыруыңызды аса ризалықпен қабыл алып осы хатты жазып отырмын. Екеуміздің арамыздағы социалистік жарыстар шеңберінде қалмасын, екі облыс күрішшілерінің достық еңбек бәсекесіне айналып, еліміздің байлығын арттыруға ықпал жасайтын шын мәніндегі қозғаушы күшке айналатын болсын. Ол үшін Сіз бен бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біздер өз көрсеткіштеріміз үшін ғана күреспей өз әріптестерімізді де қатарамызға теңеуге күш салатын болайық. Сөйтіп, партияның ХХҮІ съезінің шешімдеріне сай бағалы жармалық дақыл-күріш өндіруді арттыруға және ел байлығын молайтуға лайықты үлесімізді қосайық»-деп жауап берді.
Ол өзімен қатар еңбек еткен, жастары кіші болғанмен, үлкен жетістікке жеткен әріптестерін мақтан тұтып, егіншілікке жаңа келіп жатқан жастарды қамқорлығына алып, жинақтаған тәжірибесін үйретіп отырды.
Өмірде қарапайым Балдырған өзі туралы былай дейді: «Сыр бойында күріштен мол өнім жинаумен аты шыққан қыз-келіншектер жеткілікті. Мен солардың бірімін. Сәлима, Ұлмекен, Қамар.. О, жетерлік-ақ! Табысымда солармен деңгейлес. Асып алысқа кеткенім жоқ».
Ол 1989 жылы Одақтық дәрежедегі дербес зейнетке шықты. 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, аналық парызын абыроймен өтеді.
Балдырған Мұстафаева өзінің бүкіл ғұмырын Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің дамуына, қоғамға еңбек етуге, отбасына, бала тәрбиесіне арнады. Оның өмірі, елге еткен еңбегі өнеге, жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.




Жанат АЛТЫНБАЕВА
Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің бөлім басшысы

03 наурыз 2019 ж. 894 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области