Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Көз шаршағанда не істеу керек?

Көз шаршағанда не істеу керек?

Қазір адамдардың көп уақыты монитор алдында өтеді. Біреулер жұмыс барысымен компьютер алдында ұзақ отыруға мәжбүр болса, басқалары фильм қараумен немесе ойын ойнаумен монитор алдында өткізген уақытын байқамай қалады. Техниканың дамыған заманында теледидар, компьютер немесе смартфондарды өмірімізден мүлдем жоқ қыла алмаймыз. Алайда, көздің адам өміріндегі маңызын әрқайсысымыз жақсы білеміз. Сондықтан оларға дұрыс күтім жасай білу керек және жағымсыз мәселелердің алдын алу қажет. Ендеше, монитор алдында ұзақ отқанның салдарынан көзіңіз шаршаса, төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз.
Көзге жаттығу жасау
Көздің шаршағанын басу үшін жеңіл жаттығулар жиынтығынан бастаңыз. Оларды күнде қайталасаңыз, жағдайыңыз жылдам жақсарып, көздің қызаруы кетеді.
- Монитор алдында ұзақ отқанда көз ашылып-жұмылу керектігін "ұмытып кетеді", сондықтан өзіңіз еске алып, көзіңізді ашып-жұмып тұрыңыз.
- Басыңызды тік ұстап, алдыға тіке қарап, көзіңізбен алдымен төбеге қараңыз. Сол қалыпта 2-3 секунд тұрып, ақырын төмен қараңыз. Бұл күйде де бірнеше секунд тұрыңыз. Осы жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз. Бастысы, көзіңізбен жоғары-төмен қарағанда басыңызды қозғамаңыз.
- Осы қалыпта отырып, көзіңізбен оңға және солға қараңыз. Бірнеше рет қайталаңыз. Көз алмасының бұлшықеттері босаңсыған болуы керек.
- Басыңызды тік ұстап, алдыға тік қарап, "жатқан" сегіз, яғни "шексіздік" белгісі бойымен көзіңізді жүгіртіп өтіңіз. Жаттығу кезінде басыңызды қозғамайсыз және жаттығу біткен соң көзіңізді жыпылықтатыңыз.
- Дәл осы қалыпта отырып, көзіңізді сағат тілімен және оған қарсы айналдырыңыз.
- Терезеге барып, алдымен өте алысқа, содан соң мұрныңыздың ұшына қараңыз. Оны бірнеше рет қайталаңыз.
- Көзді жұмып, көзіңізді қозғай түрлі суреттер салыңыз. Мысалы: дөңгелек, шексіздік және т.б.
- Бірнеше рет қатарынан көзіңізді қатты жұмып, содан соң қолыңызбен көзіңізді басып, бірнеше минут отырыңыз.
- Компьютермен жұмыс істегенде арасында құлағыңызды уқалап қойыңыз. Сол кезде көз азырақ шаршайды.
Көз тек компьютер алдында ұзақ болғаннан ғана емес, сонымен қатар темекі түтінінен, жасанды өте ашық түстерден, жарық ерекшелігінен, косметикадан, ауа райынан және т.б жағдайлардан шаршауы мүмкін екенін ескеріңіз.

Көзге арналған ванналар жасау
Шөптер тұнбасымен жасалған көз ванналары іскенді, қызарғанды және шаршағанды кетіреді. Көз ваннасына арналған арнайы ыдыс сатып алыңыз. Ол кез келген дәріханада сатылады. Оған түймедақ қайнатпасын немесе тұнбасын құйып, басыңызды артқа шалқайтып, көзге ванна жасайсыз. Ол кезде көзіңізді 8-10 рет рет жыпылықтату керек.
Егер арнайы ыдыс болмаса, түймедақ тұнбасына мақтаны сулап, оны көзге басып, арасында көзіңізді жыпылықтатып тұру керек. Оны көзге 8-10 рет жасайды.

Көзге пайдалы маска жасау
Картоп суымен жасалған масканы тек көзге емес, сонымен қатар бетке де қоюға болады. Тазартылған шикі картопты ұсақ үккіштен өткізіп, оның суын сығып алады. Картоп суына майлықты сулап, оны бетке қояды. Масканы 15-20 минут бетте ұстап, содан соң бетіңізді түймедақ тұнбасымен немесе қарапайым сумен шайып аласыз. Егер осы процедураны аптасына 2-3 рет жасасаңыз, көзіңіз іспейтін және қызармайтын болады.

Көзге арналған тамшылар пайдалану
Көзге гимнастика жасауға немесе халықтық құралдарды дайындауға уақыт болмаса және көз шаршағанын дереу басу керек болса, дәріханада сатылатын тамшыларды қолдануға болады. Оларды көп қолданбасаңыз, көзге зияны болмайды. Бірақ тамшылар көзді демалтпайды, тек шаршау белгілерін уақытша басып береді.

Көзге массаж жасау
Көз ауруларын емдеуге арналған және көз шаршауының алдын алатын массаждар бар. Көзге арналған массаждың негізіне айналмалы сипау, жай уқалау, көз алмаларын дірілдете басу жатады. Қабақты саусақ ұштарымен сипау керек. Сонымен қатар, массаж сызықтарының бағытын білу қажет: Жоғарғы қабақ көздің ішкі бұрышынан сыртқа қарай, ал төменгі қабақ көздің сыртқа бұрышынан ішке қарай бағытталады. Көз алмаларын саусақ ұштарымен жай басып, айналмалы қозғалтып массаж жасауға болады.

16 наурыз 2019 ж. 1 069 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области