«Қызға қырық үйден тыйым» болмай тұр
Қарыштаған заманның қалтқысыз қимылы басым тұрған бүгінгі күнде әртүрлі халықтың талғамдары түйісетін жағдай орнауда. Былайша айтқанда, дінге, ділге, тілге қарамастан өзге ұлт өкілдермен неке құру жиілеп, қазақтың қаракөз бұрымдылары шет ел асуда. Өз елінің шырақ жағары болуды емес, өзге елдің келініне айналуға ынтық қыз-келіншектер мәселесі – бүгінгі қоғамдағы түйіткілді мәселе. Себебі, қыз – қоғам айнасы, ұлттың ең нәзік тұсы әрі ары мен намысы, деп жазады «Ана тілі» газеті.

Бүгінде көршілес ел, Ресей азаматтарына тұмысқа шыққан қыздарымыз көбеюде. Қою қара шашын шорт кесіп, сарыға тек шашы емес бойындағы бар қазақилық боялған. Айтқым келгені, орыстанып, өз ұлтын ұмытқандай. Ал олардың ата-анасынан қыздары жайлы сұрасаң, «жағдайлары жақсы, жеке тұрмысы біздегідей емес» деген жауапты естисің. Бұл тұста ата-ананың қыздың өзге елге, өзге ұлтқа кеткені еш қылжылтпайтынын байқайсың. Ал бұндай отбасылар бұрындары елімізде некен-саяқ болатын.
Ұлт тәрбиесінің әлсіздігі мен ұлттың рухани ақсақтығы, ғаламтордың торына іліккен шақ пен батыстың қаңсығын таңсық көрер қоғам — күлімкөздердің Алаш деп ұрандаған елдің болашағына бейжай қарауына әкеп соғуда. Қыз –ол қоғам айнасы, ұлт болашағы, қазақ ұрпағының анасы, қазақ елін гүлдендірер берекенің бастауы. Ұрпақ әкелуші, әрі оны тәрбиелеуші бойжеткендер шет елге кетсе, түп-тамырымен сол ұлттың адамына айналады. Оның тілі де, тарихы да қалмайды. Бұлай жалғасу біздің елді, ортаны жақсылыққа алып бармасы анық.