Темірхан Кенжебаев Қызылорда облысының өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің басшысы болып тағайындалды
Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы кеңестің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, облыстың кәсіпкерлік қоғамдастығының алдында тұрған міндеттерді атап өтті.Сондай-ақ, облыс әкімі Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің жаңа төрағасын таныстырды.
Аймақ басшысы кеңестің нәтижелі жұмысына барлық облыс мүдделі екенін, өйткені жаппай кәсіпкерлікті дамыту - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттерді шешудің бірден бір жолы екенін айтты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасы мен жергілікті бюджетті нығайтуға, өз кезегінде аймақтың көптеген өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 32 миллиард теңге бағытталды. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 34 миллиард теңгеге жеткізу міндеті тұр.
"Қазір өңірлік жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 14,3 пайызды құрайды. Жақын арада, яғни екі-үш жыл ішінде бұл көрсеткішті кем дегенде 25 пайызға жеткізу керек. Басқаша айтқанда, өңірлік жалпы өнімнің төрттен бір бөлігі шағын және орта бизнес есебінен жүзеге асырылуы тиіс", - деді өңір басшысы.
Өз кезегінде, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Темірхан Кенжебаев сенім білдіргені үшін облыс әкіміне алғысын айтып, қойылған міндеттерді шешуде бар күш-жігерін жұмсайтындығын атап өтті.
Айта кетейік, 2019 жылдың 1 наурызы бойынша аймақта 43 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген.